Бұл сайлау қазақстандық партияларды жай ғана жеңгендер мен жеңілгендерге бөлген жоқ. Партиялар билікке жолы ашылғандар, соңғы мүмкіндік берілгендер және саясат сахнасынан кетуге жолдама алғандар деп үшке бөлінді.
Сондықтан бірнеше пайыз жинап, Құрылтайға өткендердің бәрін бірдей құттықтауға асықпас едім. Өйткені кейде 5-6 пайыз дауыс – жеңіс емес. Бұл – ескерту.
Мен бұған дейін де айтқанмын: Ертісбаевтың Халық партиясының дәуірі өтті. Сайлау нәтижесі мұны растады. Енді тағы бір сұрақ туындайды: Перуашевтің саяси дәуірі де аяқталып келе жатқан жоқ па?
Бұдан былай сайлаушы атауына құлақ үйренген немесе фамилиялары таныс деп бюллетеньде тізілген ескі партияларға дауыс бере қоймайды. Бүгінгі сайлаушы бұрынғыдан өзгерек. Кейбір партиялар сол өзгеріске ілесе алмай жатқанын сайлау нәтижесі көрсетіп отыр.
«Әділет» туралы бөлек айту керек.
Сайлау науқаны кезінде-ақ партияның өңірлердегі жұмысын қалай ұйымдастырғанына назар аударғанмын. Өзім де сол жұмыстың барысына кей аймақтарда куә болдым – жұмысшылармен, кәсіпкерлермен, зиялы қауым өкілдерімен, өңір тұрғындарымен кездесулер өтті.
Маған олардың ұстанымының өзі ұнады: саяси шоу аз, халықпен тікелей әңгіме көп. Партия өкілдері аудитория алдында сөз сөйлеп қана қоймай, сұрақтарды тыңдады, өтініштерді жазып алды, нақты мәселелерді талқылады.
Бәлкім, дәл осы формат – жұмысты тек Астанадан жүргізбей, тікелей халықпен жұмыс істеу – «Әділеттің» жоғары нәтиже көрсетуіне себеп болған факторлардың бірі шығар.
Енді сайлаудан кейін осы тәсілден танбау маңызды, Өйткені елеулі қолдауға ие болған кез келген партияның жіберетін басты қателігі – сайлаушымен жұмыс сайлау науқанымен бірге аяқталды деп ойлау. Шын мәнінде, жұмыс енді ғана басталады.
Егер «Әділет» өңірлермен сол байланысын сақтап, халық үнін тыңдауды жалғастырып, сайлау науқаны кезінде айтылған мәселелерді Құрылтайда нақты шешімдерге айналдыра алса, онда бүгінгі нәтижені шынымен де лайықты саяси капитал деуге болады. Партияға тілейтініміз де осы: адамдармен тілдесуді адамдар жайлы әңгімемен алмастырмау.
Сайлау аяқталды. Енді сайлаушының сенімін ақтау керек.
Ал «Ақ жол», «Ауыл» және ЖСДП өз нәтижелеріне ерекше мұқият қарауы керек деп ойлаймын.
Көрсеткіштер көңіл көншітерлік емес. Иә, бұл нәтижелер оларға Құрылтайда өкілдік етуге мүмкіндік береді. Бірақ саяси тұрғыдан алғанда, бұл көрсеткіш тағы бір жағымсыз нәрсені білдіреді: сайлаушылардың басым көпшілігі сені таңдаған жоқ. Сондықтан бұл шақырылым аталған партиялар үшін шешуші кезең болуы мүмкін.
«Ақ жол» партиясы көп жылдан бері жұмыс істеп келеді. Азат Перуашев – елдегі ең танымал партиялық саясаткерлердің бірі. Бірақ танымалдық енді дауысқа кепілдік бермейді. Егер партия парламенттік оппозицияның үйреншікті қалпында қала берсе, ішкі жаңғыру жүргізбесе және жаңа мықты саясаткерлерін көрсете алмаса, келесі сайлауда қазіргі нәтижеге де жете алмауы мүмкін.
Ондаған жыл бойы өзгеріссіз өмір сүріп келген саяси брендтердің дәуірі аяқталып келеді.
ЖСДП-ның жағдайы бөлек. Бұл жолы партия өз нәтижесін айтарлықтай жақсартты. Бұл – жақсы белгі. Демек, социал-демократиялық күн тәртібіне деген сұраныс бар. Бірақ енді осы нәтижені нақты саясатқа айналдыру керек.
Әлеуметтік әділеттілік туралы айту оңай. Ал жұмыс істейтін заңдар ұсыну, жалдамалы жұмысшылардың мүддесін қорғау, жалақы, теңсіздік, салық мәселелерін көтеру және сонымен бірге экономикалық тұрғыдан өміршең шешімдер ұсыну әлдеқайда қиын. ЖСДП-ға өсуге мүмкіндік туды. Енді мәселе – бұл мүмкіндікті пайдалана ала ма?
«Ауыл» да ойлануы керек. Партияның атауында «ауыл» деген сөздің болуы ауыл тұрғындарының дауысына автоматты түрде үміткер болуға енді жеткіліксіз.
Қазіргі қазақ ауылы – сайлау алдындағы дәстүрлер мен әдемі суреттер ғана емес.Бұл – су. Жол. Интернет. Мектеп. Медицина. Жұмыс орындары. Несие. Жер. Ең басты сұрақ – қазақ жастары ауылда өз болашағын көрмесе, неге онда қалуы керек?
Егер «Ауыл» ауыл халқының шынайы саяси үніне айналмаса, бір күні шартты түрде «Жаңа ауыл» немесе «Нағыз ауыл» деген партияның пайда болуы әзіл болудан қалатын секілді.
Сондықтан межелі көрсеткішке жеткен «Ақ жол», «Ауыл» және ЖСДП-ны сөзсіз жеңімпаздар деп қабылдамас едім. Оларға тағы бір мүмкіндік берілді. Егер осы мерзімді сапалы өткізбесе, елеулі қателіктерге жол берсе, сайлаушы бұл партияларды тағы да тек келесі сайлау алдында көретін болса, келесі жолы олар үшін дауыс беруге бара қоюы екіталай.
Respublica жайлы сөз басқа. Бұл әлі де бар екенін, тарап кетпегенін дәлелдеуі қажет ескі партия емес. Бұл енді өзінің жалпы алғанда салмақты саяси институт бола алатынын көрсетуі тиіс жас партия.
Алғашқы кезеңнен олар жаңа тұлғалардың, жақсы коммуникацияның және заманауи саяси маркетингтің арқасында өтті. Маркетинг парламентке бір рет жол салуы мүмкін. Ал онда ұзақ уақыт қалу үшін нақты нәтиже керек. Сондықтан Respublica популизмнен алыстап, іргелі партияға айналатын кез келді.
Мықты сарапшылар тобы керек. Есеп-қисабы мұқият жасалған экономикалық бастамалар қажет. Өңірлерде тұрақты жұмыс жүргізу керек. Өз идеологиясы болуы қажет. Бірнеше жылдан кейін сайлаушының алдына шығып: «Міне, біз мынаны жасадық» деп айта алатын нақты нәтижелер керек.
Келесі сайлауда жаңа партия, жас құрылым екені оларға артықшылық бермейді. Халық енді атқарған жұмысына қарай баға береді.
«Байтақ» туралы да бөлек айтқым келеді.
Меніңше, бұл партияның төмен нәтижесі Қазақстанда экологиялық мәселелердің шешілуіне сұраныс жоқ дегенді білдірмейді. Керісінше.
Су, ауаның ластануы, Каспийдің жағдайы, Алматы мен басқа да ірі қалалардың экологиясы, қалдықтар, энергетикалық ауысым – мұның бәрі әлдеқашан халықаралық конференцияларда айтылатын әдемі тіркес болудан қалған. Бұл – сіз бен біздің өміріміздің сапасына қатысты мәселелер. Олардың кейбірі қазірдің өзінде ұлттық қауіпсіздік мәселесіне айналды.
Қазақстанға мықты жасыл партия қажет. Бірақ елге дәл осындай «Байтақ» керек пе – бұл енді басқа мәселе.
Партияға ішкі жаңғыру қажет. Тіпті, мүмкін, тазарту да керек шығар. Жаңа тұлғалар мен жаңа көшбасшы қажет.
Айтпақшы, неге ол әйел болмасқа? Заманауи, білімді, мықты, экология туралы ұрандармен ғана шектелмей, елге су мен ауадан бастап энергетика мен балаларымыздың денсаулығына дейінгі мәселелерді қамтитын түсінікті жасыл бағдарлама ұсына алатын әйел.
Партияның жеңілуі идеяның жеңілгенін білдірмейді. Кейде жақсы идея әлсіз қолда қалып қоюы мүмкін.
Сонымен, бір палаталы парламент жасақталды. Енді ең қызығы басталады.
Өйткені шынайы саясат экранда пайыздар пайда болған кеште емес, келесі күні басталады.
«Әділет» енді орасан зор билікке һәм үлкен жауапкершілікке ие болады.
Respublica-ға саяси стартаптан шын мәніндегі партияға айналуы үшін тағы бірнеше жыл уақыт берілді.
«Ақ жол», «Ауыл» және ЖСДП үшін парламенттегі өздерінің өкілдігі қоғамға шынымен қажет екенін дәлелдейтін соңғы мүмкіндіктердің бірі болуы мүмкін.
Ал аарламентке өте алмай қалғандар өздерін өзгерте ме, әлде жаңа саяси күштерге орын босата ма – соны шешуі керек.
Сайлаушы өзгере бастады. Ендігі кезек – партияларда.
Жаңа Құрылтайға жемісті жұмыс тілеймін.
Ал біз, журналистер, бүгіннен бастап пайыз санауды қоямыз. Енді заңдарды, орындалған уәделерді, шешілген мәселелерді және жіберілген қателіктерді санаймыз.
Сайлау аяқталды. Жауапкершілік енді басталады.