Экономист Руслан Сұлтанов Қазақстандағы доллар бағамына қатысты болжамын бөлісті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Сұлтанов Қазақстанның Ұлттық экономикалық зерттеулер бюросының болжамына бағдар ұсынды, деп жазды Inbusiness.kz. Тәуелсіз сарапшылардың тамыз айындағы базалық болжамы бойынша бір АҚШ доллары 470,5 теңге деңгейінде болады. Ал қыркүйекте – 486 теңге, қазанда – 499,7 теңге, қарашада – 496,6 теңге, желтоқсанда – 494,2 теңге болады деп күтіледі.
Осылайша, сарапшылардың базалық сценарийі күз айларында ұлттық валютаның біртіндеп әлсіреуін болжайды. Дегенмен жыл соңына дейін доллар бағамы 500 теңгеден тұрақты түрде жоғары бекітіледі деген болжам әзірiе жоқ.
Сонымен бірге экономист доллардың 500 теңгеден асу ықтималдығы бар екенін де атап өтті.
Руслан Сұлтанов:
– Пессимистік сценарий бойынша орташа айлық бағам қыркүйекте 503,4 теңге, ал желтоқсанда 511,7 теңге деңгейінде белгіленген. Яғни ішкі және сыртқы факторлар қолайсыз үйлескен жағдайда доллардың 500 теңгеге жетуі әбден мүмкін. Бірақ бүгінгі таңда бұл – базалық болжамнан гөрі тәуекел сценарийі, – деді экономист.
Анықтама үшін
24 тамыздағы Қазақстан қор биржасындағы (KASE) сауда қорытындысы бойынша доллардың орташа өлшенген бағамы 457,65 теңге болды. Жұма күні бұл көрсеткіш 457,62 теңге деңгейінде болған.