Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қазақстанның жекелеген өңірлерінде мектептер, ауруханалар, тұрғын үйлер мен коммуналдық желілердегі құрылыс және жөндеу жұмыстарының кестеден кешігіп жатқанын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мектептер мен емханаларда жөндеу жұмыстары аяқталмаған
ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев үкімет отырысында 220 мектептің жөндеу жұмыстары аяқталмағанын айтты. Ал бір аптадан кейін бұл білім ошақтары оқушыларды қабылдауы керек.
– 10 913 білім беру нысанының 10 693-і немесе 98%-ы жылыту маусымына дайындалды. Сегіз өңірде толық дайын. Ал Алматы және Ақтөбе облыстары белгіленген кестеден қалып келеді, – деді Нағаспаев.
Денсаулық сақтау нысандарында да жағдай осыған ұқсас. 5 394 нысанның 5 281-і немесе 98%-ы дайындалған. Алты өңірде дайындық 100%-ға жеткен. Бұл ретте Алматы мен Шымкентте көрсеткіш төмен.
Барлық үй жылыту маусымына дайын емес
Ел бойынша жылыту маусымына 51 391 тұрғын үй дайындалды. Бұл – жоспардың 96%-ы.
Тұрғын үйлердің толық дайындығы тек Түркістан облысында қамтамасыз етілген. Шығыс Қазақстан облысы мен Шымкент тұрғын үй қорын дайындау қарқыны бойынша артта қалып отыр.
Желілердің үштен бірінде жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр
Инженерлік желілерде де жөндеу жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Қазіргі таңда жоспарланған 1 808 шақырым су құбыры желісінің 1 303 шақырымы жөнделді, яғни жұмыстың 72%-ы орындалған.
– Су құбыры желілеріндегі жұмыстар алты өңірде толық аяқталды. Ең төмен көрсеткіштер Алматы және Жамбыл облыстарында байқалады, – деді министр.
Кәріз желілері бойынша жоспарланған жұмыстардың 74%-ы орындалды. Жоспарланған 306 шақырымның 225 шақырымы жөнделген.
Қазандықтарға көмірдің 69%-ы ғана дайындалған
Министрлік автономды қазандықтарды дайындау барысын да бақылауда ұстап отыр.
Жергілікті атқарушы органдардың мәліметінше, 14 618 қазандық немесе олардың жалпы санының 98%-ы дайындалған. Алты өңірде толық дайындыққа қол жеткізілді. Алматы мен Шымкентте көрсеткіш төмен.
Ал отын қоры бойынша жағдай мәз емес. Автономды қазандықтарға қажетті көмірдің 69%-ы, мазуттың 88%-ы және дизель отынының 93%-ы ғана дайындалған.
Коммуналдық қызметтер бойынша қарыз 19 млрд теңгеге жетті
Министр жылыту маусымына дайындықтағы негізгі мәселелердің бірі ретінде тұтынушылардың коммуналдық қызметтер бойынша қарызын атады.
Заңды және жеке тұлғалардың жалпы дебиторлық берешегі – 19 млрд теңге. Қарыздың ең көп бөлігі Алматыға тиесілі.
– Жоғары дебиторлық берешек табиғи монополия субъектілеріне бекітілген инвестициялық бағдарламаларды толық көлемде жүзеге асыруға мүмкіндік бермейтінін атап өткен жөн, – деп қорытындылады Нағаспаев.