Алматыдағы Lamiya тұрғын үй кешенінде болған өрт кезінде алты жасар қыз қаза тапты. Өрт 23 тамыз күні кешке болған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мән-жай
Құтқарушылар баланы ес-түссіз күйде тапқан. Дәрігерлер реанимациялық шаралар жүргізуге тырысқанымен, қыз бала көз жұмды, деп хабарлады КТК.
Медициналық көмекке басқа да тұрғындар жүгінген. Бірнеше адам ауруханаға жатқызылса, қалғандары тексеруден кейін үйлеріне жіберілген.
Алматының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, үш зардап шеккен адам қалалық жедел медициналық жәрдем ауруханасына, тағы екеуі Орталық қалалық клиникалық ауруханаға жеткізілген. Кәмелетке толмаған тағы бір баланы дәрігерлер тексерген. Оның жақындары ауруханаға жатудан бас тартқан.
Өрт қалай шықты?
Өрт 23 тамыз күні кешке Әди Шәріпов көшесі, 145 мекенжайындағы үйде болған. 101 нөміріне шақырту сағат 22:49-да түскен. Алғашқы өрт сөндірушілер оқиға орнына бес минуттан кейін жеткен.
ТЖД мәліметінше, техникалық бөлмеде кабельдер, сондай-ақ көрші кіреберістегі электр қалқандары жанған. Өрт сағат 23:57-де оқшауланып, 00:14-те толық сөндірілген.
Құтқарушылар үйден 148 адамды, оның ішінде тоғыз баланы эвакуациялаған. Тұрғындар баспалдақ арқылы арнайы құтқару қалпақтарының көмегімен шығарылған.
Қатты түтін салдарынан кейбір тұрғындар пәтерлерінен өз бетімен шыға алмаған.
Төтенше жағдайлар департаментінің алдын ала мәліметінше, автоматты өрт дабылы өрт сөндірушілерге шақырту түскенге дейін шамамен бір жарым сағат бұрын іске қосылған болуы мүмкін. Алайда өрт туралы тиісті ақпарат өртке қарсы қызметке уақытылы хабарланбаған.
Бұған дейін бұл үйде өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзылғаны анықталған. Жауапты тұлғаларға кемшіліктерді жою туралы нұсқама берілген. Талаптардың толық орындалған-орындалмағаны қазір анықталып жатыр.
Өрттің нақты себебі әлі де белгісіз.
Тұрғын үй кешенін кім салған?
Lamiya тұрғын үй кешенін халықаралық RAMS Global тобына кіретін RAMS Qazaqstan компаниясы салған.
Бұған дейін компанияның Алматыдағы басқа жобаларына қатысты да шағымдар болған. Атап айтқанда, Beyond Almaty биік қабатты тұрғын үй кешенінің құрылысы талқыланған.
Ал RAMS City тұрғындары 2026 жылдың жазында қызмет көрсетуші ұйымның қарызына байланысты электр жарығы мен судың өшірілгеніне шағымданған.
RAMS Qazaqstan халықаралық RAMS Global тобына кіреді. Қазақстанда компания құрылтайшыларының қатарында Рамазан Бұлбұл мен Алмат Байымбетов көрсетілген.