Қазақстандағы ең ірі мұнай өңдеу зауыттарының бірінде өрт шықты

Ulysmedia
azh.kz

Атырау мұнай өңдеу зауытында өрт шықты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жай

Өрт жабық типтегі механикалық тазарту құрылыстарының тұндырғышында басталған. Өрттің шыққаны туралы сағат 12:35-те белгілі болған. Оқиға кезінде нысанда ешқандай жұмыс жүргізілмеген.

– Сағат 12:35-те жабық типтегі механикалық тазарту құрылыстарының тұндырғышында өрт шықты. Оқиға кезінде нысанда ешқандай жұмыс жүргізілмеген. Тұндырғыштың ішінде жиналған мұнай шламы жанған, – деп хабарлады «ҚазМұнайГаз» компаниясы.

Өрт сөндірілді

Өртті оқшаулау және толық сөндіру жұмыстары жүргізілді. «ҚазМұнайГаз» мәліметінше, өрт зауыт жұмысына әсер етпеген. Кәсіпорын штаттық режимде жұмысын жалғастырды.

Алдын ала мәлімет бойынша, зардап шеккендер жоқ. Компания жағдай бақылауда екенін мәлімдеді.

Кейінірек Төтенше жағдайлар министрлігі Атырау мұнай өңдеу зауыты аумағындағы өрттің толық сөндірілгенін хабарлады.

– 25 тамызда сағат 12:55-те «112» пультіне нысан аумағында түтін шыққаны туралы хабарлама түсті. Нысанның ерекшелігін ескере отырып, ТЖМ күштері мен құралдары шақыртудың жоғары дәрежесі бойынша оқиға орнына шұғыл жіберілді. Өртті сөндіруге ТЖМ-нің шамамен 65 қызметкері мен 19 техникасы, «Семсер өрт сөндіруші», АТМА әуежайы және NCOC компаниясының апаттық-құтқару қызметі жұмылдырылды, – деп хабарлады министрлік.

Ведомство мәліметінше, өрттен зардап шеккендер жоқ. Қызыл жалынның шығу себебі анықталып жатыр.