Қазақстанда 26 тамызда қар жауады

Ulysmedia
Pixabay.com

26 тамызда Қазақстанның өңірлерінде ауа райы күрт өзгереді. Бірнеше облыста найзағай ойнап, нөсер жаңбыр жауады, таулы аймақтарға қар түседі. Ал елдің батысында ауа температурасы +40 градусқа жуықтайды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Тауда қар жауады

Алматы облысының таулы аудандарында түнде жаңбыр мен қар жауады деп болжанып отыр. Сонымен қатар тұман түсіп, желдің екпіні секундына 18 метрге дейін жетеді.

Іле Алатауының тауларында, соның ішінде Алматының Медеу және Бостандық аудандарының таулы бөліктерінде де жаңбыр мен қар жаууы мүмкін.

Жетісу облысының шығысы мен таулы аймақтарында найзағай ойнап, жаңбыр жауады. Кей жерлерде желдің екпіні 23-28 м/с-қа дейін күшейеді.

Нөсер жаңбыр және бұршақ

Елдің шығысында ауа райы құбылмалы болады. Шығыс Қазақстан облысында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Өңірдің солтүстігі мен шығысында нөсер жауады. Күндіз бұршақ түсіп, дауылды жел болуы мүмкін.

Абай облысының солтүстігі мен шығысында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Павлодар облысының оңтүстігі мен шығысында найзағаймен бірге жаңбыр жауады.

Ақтөбе, Атырау және Қостанай облыстарының жекелеген аудандарында да жаңбыр мен найзағай болжанып отыр.

Ауа температурасы +39 градусқа дейін көтеріледі

Жауын-шашынға қарамастан, кейбір өңірлерде аптап ыстық сақталады.

Маңғыстау облысында күндіз ауа температурасы +38...+39 градусқа дейін көтеріледі. Сонымен бірге өңірдің батысында, солтүстігі мен орталығында жаңбыр жауып, найзағай ойнап, екпінді жел соғуы мүмкін.

Қостанай облысының оңтүстігінде ауа температурасы +35 градусқа дейін жетеді.

Атырау облысында жаңбыр мен найзағайдан бөлек, күндіз өңірдің солтүстігі мен шығысында шаңды дауыл соғады.

Тұман және екпінді жел

Ақмола, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Ұлытау облысында түнде және таңертең тұман түседі.

Сондай-ақ Қостанай, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстары мен Абай облысының жекелеген аудандарында тұман болуы мүмкін.

Жамбыл облысында желдің екпіні 15-20 м/с-қа дейін күшейеді. Осындай жел Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарының кейбір аудандарында да соғады.