Шарджада қаза тапқан апалы-сіңліге қатысты тың мәліметтер белгілі болды

Ulysmedia

Бұған дейін Шарджада жоғалып кеткен апалы-сіңлі – Ақжан және Жұлдыз Бохановалардың мәйіті табылды. Қазір олардың туыстары денесін Қазақстанға жеткізуге тырысып, көмек сұрап отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жай

Қазақстандықтардың қаза болғаны туралы кеше белгілі болды. Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі ақпаратты растады. Ведомствоның мәліметінше, Қазақстанның Дубайдағы Бас консулдығы марқұмдардың отбасына қажетті консулдық-құқықтық көмек көрсетіп жатыр.

Дипломаттар мәйіттерді елге жеткізуге қажетті құжаттарды рәсімдеуге көмектесіп, оқиғаның мән-жайын анықтап жатқан БАӘ-нің құзырлы органдарымен байланыста.

Әлеуметтік желілерден қаза болған қыздардың жақындары мен құрбыларының парақшаларын тауып, қайғылы оқиғаның мән-жайын анықтадық.

Ақжан мен Жұлдызды жақын туыстары ретінде атайтын Гүлжихан Амантаева әлеуметтік желіде отбасының мәйіттерді елге қайтару рәсімін түсіндіруге көмектесуін сұрап, үндеу жариялаған.

– Қазіргі уақытта олардың денелері Дубайда. Алайда отбасы ретінде мәйіттерді Қазақстанға қайтару мәселесін шеше алмай отырмыз. Бізге денелердің не себепті әлі берілмей отырғаны және рәсімдердің нақты қай кезеңде тұрғаны туралы ақпарат керек. Біз Қазақстанның консулдығына және тиісті мемлекеттік органдарға жүгіндік. Сонымен қатар e-Otinish арқылы ресми өтініш бердік, – деп жазды ол.

Қаза болған қыздардың танысы Гүлназ да отбасына мәйіттерді елге жеткізуді ұйымдастыру үшін қаржылай көмек қажет екенін жазған.

Марья есімді тағы бір қыз үндеу жасады. Оның айтуынша, апалы-сіңлі Шарджаға жұмыс істеу үшін барған.

– Шарджаға (БАӘ) жұмыс істеуге барып, өкінішке қарай, қаза болған екі жас қыздың мәйітін елге қайтаруға көмек көрсетулеріңізді сұраймыз. Апалы-сіңлі Боханова Ақжан мен Боханова Жұлдыз шамамен бір апта бойы байланысқа шықпаған. Іздеу жұмыстары жүргізілгеннен кейін ата-аналарына қаралы хабар жетті – қыздардың мәйіті табылған. Қазір қайғылы оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Ешкім бей-жай қалмай, бұл ақпаратты барынша таратуды сұраймыз, – делінген үндеуде.

Сұлулық салонында жұмыс істеген

Таныстарының әлеуметтік желідегі жазбаларына қарағанда, апалы-сіңлі Шарджадағы сұлулық салондарының бірінде жұмыс істеген болуы мүмкін.

Қыздарды жеке танитын әйелдердің бірі пікірінде олармен бірге жұмыс істегенін жазған.

– Мен оларды жеке танитынмын, Шарджада бірге жұмыс істедік. Өте ақжарқын, еңбекқор әрі сыпайы қыздар еді. Мұндай жағдайдың болғаны өкінішті. Жандары жәннатта болсын. Жақындарына шын жүректен көңіл айтамын. Кінәлілер заң аясында қатаң жазаланады деп үміттенемін, – деп жазды ол.

Сонымен қатар Ulysmedia.kz-ке қаза болған қыздардың құрбыларының бірі апалы-сіңлінің БАӘ-де жұмыс визасынсыз жүргенін және болжам бойынша заңсыз жұмыс істегенін айтты. Бұл ақпаратты әзірше ресми органдар растаған жоқ.

Бір апта бойы байланысқа шықпаған

Апалы-сіңлінің қаза болғаны белгілі болғанға дейін әлеуметтік желілерде оларды іздеу туралы хабарламалар тараған. Таныстарының айтуынша, Ақжан мен Жұлдыз шамамен бір апта бойы байланысқа шықпаған.

Әлеуметтік желілерде олардың қайда екенін анықтауға көмектесу туралы үндеулер жарияланған. Қазір бұл жазбалар өшірілген.

Қайғылы оқиға белгілі болғаннан кейін әлеуметтік желілерде жаңа үндеулер пайда болды. Бұл жолы қыздардың мәйіттерін БАӘ-ден Қазақстанға жеткізуге отбасыға көмек көрсету сұралған.

Қазіргі таңда Ақжан мен Жұлдыз Бохановалардың өліміне қатысты себептер мен мән-жайлар туралы ресми ақпарат жоқ.

Сондай-ақ күдіктінің де Қазақстан азаматы болуы мүмкін деген болжам айтылып жатыр. Алайда бұл ақпаратты СІМ әзірге растаған жоқ.