Атырауға шұғыл қонған «Аэрофлот» ұшағының жолаушысы қайтыс болды

Ulysmedia
inbusiness.kz

Атырау халықаралық әуежайына мәжбүрлі түрде қонған «Аэрофлот» ұшағының жолаушысы қайтыс болғаннан кейін көліктегі полиция тексеру жұмыстарын бастады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ұшақ бортында не болды?

Flightradar мәліметінше, «Аэрофлот» ұшағы Анталья – Екатеринбург бағыты бойынша ұшып, 25 тамыз күні кешке Атырау әуежайына қонған.

Алдын ала мәлімет бойынша, жолаушылардың бірінің денсаулығы күрт нашарлағаннан кейін ұшақты қондыру туралы шешім қабылданған. Кейін оның қайтыс болғаны белгілі болды.

Бұл дерек Атырау станциясындағы көліктегі полиция бөлімінде тіркелген.

Өлімнің алдын ала себебі

Көліктегі полиция департаменті Ulysmedia.kz-ке ақпаратты растады. Ведомство өкілдерінің айтуынша, қазір оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.

– 25 тамызда аталған факт Атырау станциясындағы Көліктегі полиция бөлімінде тіркелді. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған бастапқы тексеру шаралары кешені жүргізіліп жатыр. Өлімнің алдын ала себебі – жедел жүрек жеткіліксіздігі, – деп жауап берді ведомство.

Полиция әзірше оқиғаның басқа да мән-жайлары жарияланбайтынын атап өтті.