Auyl sport-тың үшінші маусымы басталды: ауыл балаларына жаңа мүмкіндік

Ulysmedia
Halyk қайырымдылық қоры

26 тамызда Алматыда Тимур Құлыбаевтың Halyk қайырымдылық қорының ауыл балаларына арналған AUYL SPORT әлеуметтік жобасының үшінші маусымы таныстырылды. Биыл жоба Қазақстанның барлық 17 облысын қамтып, өңірлік және республикалық жарыстарға 15 мыңнан астам жас спортшы қатысуы жоспарланып отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Жоба 2024 жылы ауыл балалары арасында бұқаралық спортты дамыту, жасөспірімдерді спортқа тарту, сондай-ақ ауыл жаттықтырушылары мен төрешілерінің кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында басталған.

 

Алғашқы жылы AUYL SPORT аясында алты спорт түрі бойынша жарыстар ұйымдастырылса, кейін оған үстел теннисі қосылды. Биыл жобаға сегізінші спорт түрі – футбол енгізілді. Қазір балалар каратэ, баскетбол, волейбол, бокс, еркін күрес, шахмат, үстел теннисі және футболдан бақ сынайды.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Halyk қайырымдылық қорының Атқарушы директоры Ғалымбек Жақсылықовтың айтуынша, ауыл балаларының AUYL SPORT-қа деген қызығушылығы жыл сайын артып келеді. Өткен жылы өңірлік және республикалық жарыстарға шамамен 12 мың бала қатысса, биыл сегіз спорт түрін ескере отырып, бұл көрсеткішті 15 мыңнан асыру жоспарланып отыр.

«Жыл сайын біздің жобаға қатысуға ауыл балаларының сұранысы артып келеді. Биыл сегізінші спорт түрі – футбол қосылды. Сондықтан өңірлік және республикалық турнирлерді қоса есептегенде, 15 мыңнан астам баланы қамтуды күтіп отырмыз», – деді жоба директоры.

Биыл жобаға қатысатын ауылдардың саны да көбейген. Директордың сөзінше, AUYL SPORT-тың жаңа маусымында 900-ден астам ауылдың балалары жарысқа қатысады. Өткен жылы бұл көрсеткіш 400-ден асқан.

«Қазірдің өзінде әлеуметтік желілер арқылы балалар мен ата-аналардан турнирдің қашан басталатыны туралы сұрақтар көп түседі. Балалар жарысқа дайындалып жатыр, сондықтан олардың жобаға деген қызығушылығы өте жоғары», – деді ол.

Жарыстарға 10-15 жас аралығындағы балалар қатысады. Алдымен спортшылар өз облыстарындағы жарыстарда бақ сынайды. Облыстық кезеңнің жеңімпаздары республикалық турнирге жолдама алады. Одан кейін үздік спортшылар халықаралық жарыстарда Қазақстан атынан өнер көрсету мүмкіндігіне ие болады.

AUYL SPORT-тың алғашқы екі маусымында жеңімпаз атанған спортшылардың арасында халықаралық жарыстарда жүлде алғандар да бар. Мәселен, 2025 жылы Сербияда өткен Дүниежүзілік Гимназиадада жоба спортшылары бокстан үш алтын, еркін күрестен бір қола медаль иеленіп, шахматтан екі Fair Play жүлдесін алған.

Жоба өкілдерінің айтуынша, AUYL SPORT чемпиондары Азия чемпионаттары мен халықаралық турнирлерде де жүлделі орындарға ие болып жүр. Биыл өткен жылғы жеңімпаздар Түркиядағы халықаралық волейбол турниріне қатысуға дайындалып жатыр. Қазір спортшылар Алматыда оқу-жаттығу жиынынан өтуде.

«Біздің балалар алдымен ауылдағы жарыста жеңімпаз атанып, кейін республикалық кезеңге өтеді. Ал республикалық турнирдің чемпиондары халықаралық жарыстарға қатысу мүмкіндігіне ие болады. Бұл – ауыл балалары үшін үлкен мүмкіндік», – деді жоба директоры.

Жоба аясында халықаралық жарыстарға баратын балалардың жол жүруі, тұруы, тамақтануы, спорттық киімі мен қажетті жабдықтары қор есебінен қамтамасыз етіледі.

2026 жылы AUYL SPORT аясында жоғары нәтиже көрсеткен ауылдарға да қолдау көрсету жоспарланып отыр. Атап айтқанда, үздік нәтиже көрсеткен ауылдарда 10 жаңа спорт алаңын салу көзделген. Сонымен қатар республикалық және халықаралық жарыстарда ерекшеленген спортшыларға білім гранттарын беру және спорттық санаттар тағайындау мәселесі қарастырылып жатыр.

Жоба тек жарыстар өткізумен шектелмейді. Бұған дейін ауыл жаттықтырушылары мен төрешілеріне алғашқы медициналық көмек, спорт түрлерінің жаңартылған ережелері бойынша семинарлар ұйымдастырылып, мамандардың біліктілігін арттыруға жағдай жасалған.

AUYL SPORT-тың үшінші маусымындағы өңірлік жарыстар 10 қыркүйекте Жамбыл облысынан басталып, 10 қазанға дейін Қазақстанның 17 облысында өтеді.

Жоба ұйымдастырушыларының айтуынша, қазірдің өзінде ауылдардан жарыстардың басталуын күткен өтініштер көп түсіп жатыр. Әлеуметтік желілерде ата-аналар мен жаттықтырушылар турнирлердің қашан басталатынын сұрап, балаларын жарысқа дайындап жатқанын айтып келеді.

Айта кетейік, 2026 жылы Halyk қайырымдылық қорының құрылғанына 10 жыл толып отыр. Осыған орай AUYL SPORT аясында ауыл спортына арналған жаңа бастамаларды жүзеге асыру жоспарланған.

 

Іс-шара соңында жобаға қатысқан балалар мен қонақтарға сыйлықтар табысталды.