Астанада өзбекстандық 46 жастағы профессор Икболжон Карабоев ұсталды. Ол елордадағы жоғары оқу орындарының бірінде халықаралық қатынастар бойынша пәндерден сабақ берген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz BBC-ге сілтеме жасап.
Толығырақ
Карабоевтың туыстарының айтуынша, профессор 3 шілдеде ұсталған.
— Азаматтық киімдегі бірнеше адам профессордың үйіне келген. Олар Карабоевтың тыңшылық жасады деген күдікке ілінгенін айтып, кейін оны алып кеткен, — деді оның жақындары басылымға.
Оған қандай айып тағылып отыр?
BBC мәліметінше, Карабоевқа қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 176-бабы — «Тыңшылық» бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Бұл бапқа сәйкес, шет мемлекет немесе ұйымның мүддесі үшін мемлекеттік құпияларды беру, жинау, ұрлау немесе сақтау, сондай-ақ шетел азаматтарының Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігіне қарсы бағытталған өзге де мәліметтерді жинауы сияқты әрекеттер қарастырылады.
Карабоев — Өзбекстан азаматы, Андижан қаласының тумасы. Ол Астанада жұбайы және кәмелетке толмаған үш баласымен бірге тұрған.
BBC хабарлауынша, журналистер бірнеше апта бойы профессордың ұсталуына қатысты мән-жайды анықтауға тырысқан. Бұған дейін Карабоевпен бірге жұмыс істеген кейбір зерттеушілер түсініктеме беруден бас тартқан немесе аты-жөндерін жарияламауды сұраған.
MNU университеті Ulysmedia.kz редакциясының сауалына берген жауабында Икболжон Карабоевтың қазіргі уақытта аталған оқу орнында жұмыс істемейтінін хабарлады.
Редакция құқық қорғау органдарына ресми сауал жолдады.