Қазақстанда жүргізушілердің АИ-95 және АИ-98 маркалы бензинге қатысты шағымдары бойынша тексеру жалғасып жатыр. Енді жанармай тек зауытта ғана емес, автожанармай құю бекеттерінде де тексеріледі, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Толығырақ
Сауда және интеграция министрлігі бірнеше өңірде зертханалық зерттеулер жүргізіліп жатқанын хабарлады. Қазір азаматтардан түскен 12 өтініш қаралып жатыр. Оның тоғызы Астанадан, біреуі Павлодардан, тағы екеуі Солтүстік Қазақстан облысынан түскен.
Сонымен қатар мамандар 17 автожанармай құю бекетінен бақылау мақсатында жанармай сатып алған. Оның бесеуі Алматыда, тағы бесеуі Алматы облысында, алтауы Абай облысында және біреуі Жамбыл облысында орналасқан. Алынған үлгілер қазір зертханаларда тексеріліп жатыр.
Қоспалары бар бензин де жеке тексеріледі
Тәуелсіз зертханаға Павлодар мұнай-химия зауытынан тікелей алынған бензиннің арбитраждық сынамалары да жіберілді. Сонымен қатар Sinoil, QazaqOil және Helios қоспалары бар жанармай үлгілері жеке тексеріліп жатыр.
Нәтижелер бір апта ішінде белгілі болады.
Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, тексеру бензин сапасын өндірістен бастап, мұнай базаларында сақтау және жанармай бекетінде сатуға дейінгі барлық кезеңде анықтауға мүмкіндік береді.
– Тексеру аясында мұнай базаларын қоса алғанда, барлық тізбек бойынша сынамалар алынады. Ол үшін қажетті нормативтік-техникалық құжаттар, мемлекеттік стандарттар мен сынақ зертханалары бар. Автомобиль бензинінің техникалық регламент талаптарына сәйкес келмейтіні анықталған жағдайда заңнамада көзделген шаралар қабылданады. Оның ішінде талапқа сай келмейтін жанар-жағармай материалдарын сатуға тыйым салу және айналымнан алып қою шаралары да бар, – деп мәлімдеді министрлік.
Жүргізушілер шағымданып жатыр
Жаппай тексеруге автокөлік иелерінің көптеп шағымдануы себеп болды. Кейінгі күндері жақында жанармай құйғаннан кейін көліктерінде ақау пайда болғанын айтқан жүргізушілердің саны артқан. Кейбір көліктерді сервистік орталықтарға эвакуатормен жеткізуге тура келген.
Бұған дейін Алматы, Астана, Петропавл және басқа қалалардың тұрғындары АИ-95 немесе АИ-98 бензинін құйғаннан кейін қозғалтқыштың дұрыс жұмыс істемей қалғанын, кей жағдайда көліктің мүлде оталмай қалғанын айтқан.
Шағымдардан кейін Павлодар мұнай-химия зауытының өнімдері де жеке тексерілді. 25 тамызда АИ-95 және АИ-98 бензинінің арбитраждық сынамалары SGS Kazakhstan тәуелсіз зертханасында зерттелді. «ҚазМұнайГаздың» мәліметінше, алынған үлгілер техникалық регламент пен ГОСТ талаптарына сәйкес келген.
Алайда бұл тексеру жүргізушілер шағымданып отырған мәселенің жанармай өндірудің немесе жеткізу тізбегінің қай кезеңінде пайда болуы мүмкін екенін анықтаған жоқ.