Қазақстандықтарды Малайзияға кіргізбей қоюы мүмкін: СІМ себебін түсіндірді

Ulysmedia
Pixabay.com

Малайзияға сапар жоспарлаған қазақстандықтарға визасыз елде болу талаптарын сақтау ескертілді. Сыртқы істер министрлігі елде болу мерзімін ұзарту мақсатында көрші мемлекетке уақытша шығып, қайта кіру әрекеті елге кіргізбеуге, тіпті азаматты ұстап, депортациялауға әкелуі мүмкін екенін ескертті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Толығырақ

Қазақстан азаматтары Малайзияда туристік мақсатта немесе қысқа мерзімді іссапармен визасыз 30 күнге дейін бола алады. Алайда кейбір саяхатшылар бұл мерзімді ұзарту үшін «визаран» деп аталатын тәсілді қолданады, яғни көрші елге шығып, көп ұзамай қайта оралып, тағы 30 күнге рұқсат алуға тырысады.

СІМ мұндай тәсіл елде болу мерзімін заңды түрде ұзарту болып саналмайтынын және қайта кіруге кепілдік бермейтінін атап өтті.

Әуежайда ұстап қалуы мүмкін

Биыл Малайзия билігі шекаралық бақылауды күшейтті. Елге кіргізу туралы шешімді паспорттық бақылау кезінде иммиграциялық қызметкерлер қабылдайды. Егер олардың сапар мақсатына немесе бұған дейінгі елге кіру тарихына қатысты күмәні болса, туристі елге кіргізбеуі мүмкін.

«Визаран» жасауға әрекет еткен адамды ұстап, әуежайдағы иммиграциялық орталыққа орналастырып, кейін депортациялауы ықтимал.

Қазақстандықтарға сапар алдында барлық талаптарды мұқият тексеріп, сапар мақсатын шынайы көрсетуге кеңес берілді. Шекарада елден шығатын қайтар билет немесе рұқсат етілген 30 күн ішінде үшінші елге ұшатын билет, сондай-ақ тұратын жерін, сапар мақсаты мен мерзімін растайтын құжаттар болғаны жөн.

Оқу мен емделуге бөлек талаптар бар

СІМ Малайзияға тек демалу үшін емес, басқа мақсатпен баратын азаматтарға да ескерту жасады. Қысқа мерзімді курстарға, тіл үйренуге немесе емделуге бару үшін қосымша рұқсаттар қажет болуы мүмкін.

Әсіресе балаларын шетелге білім беру бағдарламаларына жіберетін ата-аналарға құжаттарды мұқият рәсімдеу ұсынылды.

Ведомство бөлек рәсімдеуді қажет ететін мақсаттар үшін визасыз режимді пайдаланбауға шақырды.