Қазақстан КҚК-ға жасалған шабуылдардан кейін мұнайды қайта өндіре бастады

Сырым Қаржас
Ulysmedia коллажы

Қазақстанда Каспий құбыр консорциумының (КҚК) жұмысына байланысты төмендеген мұнай өндіру көлемі қайта тұрақты деңгейге жетті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Не белгілі

Энергетика министрлігінің мәліметінше, қазір мұнай өндіру көлемінің төмендегені байқалмайды.

– Қазіргі уақытта еліміздегі мұнай өндіру тұрақты деңгейде және мұнай көлемінің төмендегені байқалмайды, – деп хабарлады ведомство «Интерфакс» агенттігіне.

Жазда не болды

Шілде айында КҚК арқылы мұнай тасымалдауға байланысты қиындықтар салдарынан ірі кен орындарында жоспарланғаннан аз мұнай өндірілді.

17-20 шілде аралығында консорциумның теңіз терминалы маңында төрт танкерге шабуыл жасалды. Осыдан кейін КҚК әуелі мұнай тиеуді, кейін оны қабылдауды уақытша тоқтатты.

30 шілдеде тағы екі кемеге шабуыл жасалды.

Бұл Қазақстан үшін маңызды мәселе, себебі елдің мұнай экспортының шамамен 80 пайызы КҚК арқылы өтеді.

Мұнай өндіру жоспары қысқартылды

КҚК жұмысына байланысты туындаған қиындықтардан кейін Қазақстан 2026 жылға арналған мұнай өндіру жоспарын қайта қарап, болжамды көлемді 98 млн тоннадан 96 млн тоннаға дейін қысқартты.

Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің айтуынша, КҚК инфрақұрылымына жасалған шабуылдар салдарынан Қазақстан шамамен 3,5 млн тонна мұнайды экспорттай алмай қалуы мүмкін.

Мұнай өндірудегі шығынның бір бөлігін өтеу үшін ТШО мен NCOC-тың ірі кен орындарындағы жоспарланған күрделі жөндеу жұмыстары келесі жылға ауыстырылды.

КҚК Қазақстан мұнайын экспорттаудағы негізгі бағыт болып қала береді. Оны әзірше басқа бағыттармен толық алмастыру мүмкін емес.

КҚК жұмысындағы қиындықтардан кейін мұнайдың бір бөлігі Ақтау порты, Атасу – Алашанькоу мұнай құбыры және Атырау – Самара бағыты арқылы тасымалданды.