Тоқаев ядролық державаларды келіссөзге шақырды

Сырым Қаржас
ВВС

Қасым-Жомарт Тоқаев Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күніне орай үндеу жасады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Президент өз үндеуінде осыдан 35 жыл бұрын Семей ядролық полигонының жабылғанын атап өтті.

– Ондаған жыл бойы жасалған жарылыстар азаматтарымыздың денсаулығына және қоршаған ортаға орасан зор зардабын тигізіп, халқымызға орны толмас қасірет әкелді. Бұл ядролық сынақтардың салдары күллі адамзат баласы үшін аса ауыр болғанын ұғындыратын, сондай-ақ әлем жұртшылығын мұндай алапат апатқа жол бермеуге шақыратын айрықша маңызды күн, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан әлемдегі қуаты жағынан төртінші орындағы ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартып, бейбітшілік, қауіпсіздік және тұрақты даму жолын таңдады.

– Бұл қадам мемлекетіміздің өскелең ұрпақ алдындағы терең жауапкершілігін паш еткені сөзсіз, – деді ол.

Тоқаев Қазақстанның антиядролық ұстанымы өзгермейтінін атап өтті. Оның сөзінше, еліміз ядролық державалар арасындағы кикілжіңнен гөрі келіссөздерді қолдайды.

– Біз ядролық державалар арасында кикілжің емес, келіссөздер болуын қолдаймыз. Ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы шарттың күшіне енуін тездетуге және ядролық қаруды қолдануға қатысты қауіп-қатерлерді жою үшін бірлесіп батыл қадамдар жасауға шақырамыз, – деді президент.

Сонымен қатар мемлекет басшысы атом энергиясын тек бейбіт мақсатта пайдалануды қолдайтынын айтты.

– Біз атом энергиясын жасампаз мақсатта ғана пайдаланған жөн деп санаймыз. Халқымыз жалпыұлттық референдумда ядролық энергетиканы дамытудың стратегиялық бағыт-бағдарын бірауыздан қолдап, Қазақстанның ондаған жылдарды қамтитын экономикалық және ғылыми-техникалық өрлеуінің берік негізін қалады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.