Венесуэладағы мұнай қорының бестен бірі АҚШ-тың қарамағына өтуі мүмкін. Бұл туралы АҚШ президенті Дональд Трамп Каракас және жеке бизнес өкілдерімен жасалған жаңа келісім туралы айтып жатып мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Толығырақ
Трамптың айтуынша, АҚШ тарапы Венесуэланың 65 миллиард баррельден астам дәлелденген мұнай қорына бақылау алған. Алайда ол келісімнің нақты шарттарын ашып айтпады. Қандай кен орындары мен компаниялар мәмілеге қатысатыны және АҚШ бақылауының нақты қалай рәсімделетіні әзірше белгісіз.
Reuters агенттігінің мәліметінше, келісімге енуі мүмкін кен орындары Ориноко мұнай белдеуінде және Маракайбо көлі маңында орналасқан. Вашингтон америкалық компаниялар Венесуэладағы мұнай өндіру көлемін қалпына келтіруге көмектеседі деп күтеді. Қосымша мұнай АҚШ-тағы мұнай өңдеу зауыттарына жеткізіліп, жанармай бағасының төмендеуіне ықпал етуі мүмкін.
Қазіргі уақытта Венесуэла әлемдегі дәлелденген мұнай қоры ең көп ел болғанына қарамастан, тәулігіне шамамен 1,25 миллион баррель мұнай өндіреді. Бұл елдің өндірістік әлеуетінен әлдеқайда төмен.
Инвестиция көлемі $100 млрд-қа жуықтауы мүмкін
АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио келісімді екі ел үшін де тиімді деп атады. Оның айтуынша, бұл АҚШ-қа арзан мұнайға тұрақты қол жеткізуге мүмкіндік береді. Ал Венесуэлаға шамамен $100 млрд жеке инвестиция тартылып, мыңдаған жұмыс орны ашылып, бюджет кірісі артады деп жоспарланып отыр.
Венесуэланың уақытша басшысы Делси Родригес 17 стратегиялық кен орнын игеру жоспарланып отырғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, жобаға түсетін салық түсімдері $209 млрд-қа жетуі мүмкін.
Венесуэла билігі сондай-ақ бірқатар компанияға, әсіресе америкалық компанияларға, мұнай барлау және өндіру бойынша жаңа құқықтар беруге дайындалып жатыр.
Бұған дейін Reuters дереккөздері кен орындарын америкалық өндірушілерге жалға беру тетігі қарастырылып жатқанын хабарлаған. Алайда Венесуэланың мұнай саласы мемлекет бақылауында болғандықтан, бұл жоспар заңдық мәселелерге тап болуы мүмкін.