Алматы ипподромы қаланың коммуналдық меншігіне қайтарылды. Енді тарихи нысан спорттық және тарихи мақсатта сақталып, кезең-кезеңімен жаңғыртылмақ. Бұл туралы Алматы қаласы Спорт басқармасының өкілдері мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Толығырақ
Басқарма мәліметінше, ипподром аумағы Алматының 2040 жылға дейінгі Бас жоспарында тиісті функционалдық аймақ ретінде белгіленген. Оны өзгерту жоспарланып отырған жоқ. Жер телімінің нысаналы мақсаты да сақталады.
Алдағы уақытта ипподромды кешенді дамыту тұжырымдамасы әзірленеді. Оның аясында спорттық қызметін қайта жандандырып, инфрақұрылымын жаңарту көзделіп отыр. Атап айтқанда, трибуналар, ат қоралары, спорт жолдары мен инженерлік желілер кезең-кезеңімен жөнделеді.
– Ипподромды біртұтас тарихи және спорттық нысан ретінде сақтап қалу көзделіп отыр. Қалпына келтіру жұмыстары қазіргі жағдайы мен инфрақұрылымның тозу деңгейіне қарай кезең-кезеңімен жүргізіледі, – деп хабарлады Алматы спорт басқармасы.
Жаңа тұжырымдама әзірленген кезде заманауи спорт инфрақұрылымына қойылатын талаптар ескерілмек. Нысан өзінің негізгі мақсатын сақтап, қалалық және республикалық деңгейдегі ат спорты жарыстарын өткізуге мүмкіндік беруге тиіс.
Ипподромның тарихы
Алматы ипподромы 1930 жылы құрылған. Ол Қазақстан мен Орталық Азиядағы жылқы шаруашылығы мен ат спортына арналған көне нысандардың бірі саналады. Жалпы аумағы – 39,1 гектар. Тарихи деректерге сәйкес, ипподром бір мезетте шамамен 3 мың көрерменге және 300-ге жуық жылқыға арналған. Күрделі жөндеу жұмыстары 1965 және 1985 жылдары жүргізілген.
1990 жылдардағы жекешелендіру кезінде ипподром мемлекеттік меншіктен шығарылды. Ал 2001 жылы «Ипподром» АҚ банкротқа ұшырағаннан кейін оның мүліктік кешені жеке құрылымдарға сатылды. Бұл жағдай қоғам белсенділері, атбегілер мен ат спорты жанкүйерлерінің наразылығын туғызды. Ипподромды қала меншігіне қайтару мәселесі кейінгі жылдары да бірнеше рет көтерілді. Енді нысанның коммуналдық меншікке өтуі оны біртіндеп қалпына келтіріп, Алматыдағы ат спортының дамуына қайта пайдалануға мүмкіндік бермек.