Қазақстанда қылмыс деңгейі 10%-ға төмендеді

Ulysmedia
Gov.kz

Қазақстанда 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда қылмыс саны 10%-ға азайды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Толығырақ

2025 жылдың қорытындысы бойынша елде 96,6 мың қылмыс тіркелген. 2024 жылы бұл көрсеткіш 102,7 мың болған. Осылайша қылмыс деңгейі 6%-ға төмендеген. Ал 2026 жылдың алғашқы алты айында көрсеткіш тағы 10%-ға қысқарды.

Қоғамдық орындарда жасалған қылмыстар саны 19%-ға азайған. Қазір құқық бұзушылықтардың басым бөлігі бейнекамералар мен цифрлық жүйелер арқылы анықталады. Көшелердегі, аулалардағы, мектептердегі және көлік нысандарындағы бейнебақылау жүйелері бірыңғай желіге біріктіріліп жатыр.

Миллиондаған әкімшілік құқық бұзушылық

2025 жылы полиция 17 миллионнан астам әкімшілік құқық бұзушылықтың жолын кесті. Ал 2026 жылдың алғашқы жартысында бұл көрсеткіш 8,1 миллионнан асты.

Олардың ішінде 16 мыңнан астам ұсақ бұзақылық фактісі, қоғамдық орындарда мас күйінде жүрген 117,6 мың жағдай, тыныштықты бұзудың 64,4 мың фактісі және алкоголь өнімдерін сату ережелерін бұзудың 6 мың жағдайы бар.

Экологиялық құқық бұзушылықтар да жеке есепке алынады. 2025 жылдан бері абаттандыру ережелерін бұзудың 496 мың фактісі және қоғамдық орындарды ластаудың 119 мың жағдайы анықталған. Сонымен қатар 2,6 мың заңсыз қоқыс орны жойылды.

Тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша жағдай қандай

2026 жылдың бірінші жартысында отбасылық-тұрмыстық саладағы құқық бұзушылықтар саны 7%-ға төмендеді.

45,1 мың адам жауапкершілікке тартылды. Тағы 1514 адам сот шешімімен психологиялық түзетуге жіберілді. 1877 адам арнайы әлеуметтік көмек алды.

Интернет-алаяқтық

Жыл басынан бері 3,5 мыңнан астам интернет-алаяқтық қылмысы ашылды.

Антифрод-орталықтың көмегімен азаматтардан ұрлануы мүмкін болған 1 млрд теңгеден астам қаражат бұғатталды. Байланыс операторлары 163,2 млн күдікті телефон қоңырауын бұғаттады.

Ал «Киберқадағалау» жүйесі арқылы 26 мың заңсыз интернет-ресурс бұғатталды.

Жолдардағы жағдай

2026 жылдың жеті айында жол-көлік оқиғаларының саны 4%-ға азайған. Жол апатынан қаза тапқандар саны 16%-ға, зардап шеккендер саны 6%-ға төмендеді.

Жалпы 8,7 миллионнан астам жол қозғалысы ережесін бұзу фактісі анықталған.

18 мың жүргізуші көлік басқару құқығынан айырылды. Ал 15,5 мың адам әкімшілік қамауға алынды.