Бақытжан Базарбек көлікпен қағып кетіп, екі аптаға жуық уақыттан бері комада жатқан 36 жастағы Нұржігіттің жағдайын айтты. Зардап шеккен ер адам Құландағы ауруханадан Таразға жеткізілді. Енді оның емін реаниматологтар мен травматологтар жалғастырады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Экс-депутаттың айтуынша, 28 тамызда Нұржігіттің комаға түскеніне 13 күн болған. Базарбек науқасты тасымалдау кезінде түсірілген видеоны жариялап, оның жағдайы жақсарып келе жатқанын айтты.
– Денсаулығында бірқатар клиникалық жақсы өзгерістер бар. Оны кейін айтып беремін, – деді ол.
Науқас дәрігерлермен бірге жедел жәрдем көлігімен Таразға жеткізілді. Базарбектің сөзінше, тасымалдау сәтті өткен және жол бойында Нұржігіттің жағдайы нашарламаған.
Енді оның емін Тараз қаласының реаниматологтары мен травматологтары жалғастырады.
Оқиға туралы
Жол апаты 16 тамызда «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» тасжолында болған. Полиция мәліметінше, Бақытжан Базарбек Toyota көлігімен жолдың жүріс бөлігінде тұрған ер адамды қағып кеткен. Ауыр жарақат алған Нұржігіт жансақтау бөліміне жеткізілген.
Кейін Базарбек зардап шеккен Нұржігіттің туыстарымен бірге түскен видеосын жариялап, оның отбасымен бірге екенін айтқан.