Әлеуметтік желіде «Әділет» партиясы атынан Құрылтай депутаты атанған бұрынғы журналист Армангүл Тоқтамұраттың журналистің сауалына жауап бермей, ғимаратқа қарай асығыс кетіп қалған видеосы қызу талқыланып жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Толығырақ
Видеода журналист жаңадан сайланған депутаттан оның 2022 жылы пәтер сатып алғаны туралы және кейін журналист ретінде Президенттен баспана алғанына қатысты сұрақ қойып, осы жайттарға түсініктеме беруін сұрайды.
Алайда Армангүл Тоқтамұрат сауалға жауап бермей, тілшімен сөйлесуден бас тартып, ғимаратқа қарай кетіп қалған. Депутаттың бұл әрекеті әлеуметтік желі қолданушыларының назарын аударып, қызу пікірталасқа себеп болды.
«Сайланғанша халықтың артынан қуалап еді, сайланған соң халықтан қашуды бастады»
Желі қолданушылары депутаттың журналист сауалына ашық жауап бергені жөн болғанын жазып жатыр. Кейбірі оның бұрын өзі журналист болғанын еске салып, кәсіби тәжірибесіне сай сұрақтан жалтармай жауап беруі керек еді деген пікір білдірген.
– Армангүл ханым, сіздер сөздің адамдарысыздар ғой. Керісінше, өз әріптесіңіздің сұрағына тайсалмай жауап беріп, тіпті сұрағы құйтырқы болса да, бұрынғы журналистік кәсібилігіңізді қосып, айналып өтетіндей әдемі жауап беруге болатын еді ғой. Қашып кетпей, – деп жазған желі қолданушыларының бірі.
Тағы бір пікір иесі:
– Сайланғанша халықтың артынан қуалап еді, сайланған соң халықтан қашуды бастады. Ашықтық болса, бұлай қашпас еді, – деп жазды.
Әлеуметтік желідегі пікірлердің басым бөлігінде депутаттың журналист сауалына жауап бермеуі сынға алынып, халық өкілдерінің қоғам алдында ашық болуы керектігі айтылған.
Құрылтайдағы 11 журналист
Айта кетейік, қазіргі Құрылтай құрамында журналистика саласынан шыққан 11 депутат бар. Олар – Дихан Қамзабекұлы, Жанарбек Әшімжан, Максим Рожин, Сергей Пономарев, Армангүл Тоқтамұрат, Ирина Тен, Жарқынбек Амантайұлы, Ләззат Қожахметова, Қарлығаш Жаманқұлова, Ерлан Тоқшылық және Мақсұт Насибулов.