Алматыда дәл қазір Непалдағы апатқа ұқсас жойқын сел қаупі болжанып отырған жоқ. Алайда мамандар мұндай қатерді толық жоққа шығаруға болмайтынын айтады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Толығырақ
Геолог-физик Арман Серғазин «КТК» телеарнасына берген сұхбатында Алматыда нөсер жауын кезінде кейбір аудандардың осал тұстары байқалатынын айтты. Оның сөзінше, әсіресе Наурызбай ауданы – алаңдататын аумақтардың бірі.
Жауын-шашын мол түскен кезде ауданда су басу жағдайлары тіркелген. Ал «Ақсай» бөгетінің мәселесі 2024 жылдан бері көтеріліп келеді.
– Мәселе дәл осы «Ақсай» бөгетіне қатысты. Бұл мәселе 2024 жылы да өзекті болған. Бөгет сол кезде аяқталмаған, қазірге дейін толық біткен жоқ, – деді сарапшы.
Дегенмен мамандар қазіргі таңда Алматыға тікелей сел қаупі төніп тұрмағанын атап өтті.
«Қазселденқорғау» не дейді?
«Қазселденқорғау» Алматы филиалының мәліметінше, таулардағы қауіпті көлдер тұрақты бақылауда. Мамандар сел қаупі кезеңінде тау көлдерінің жағдайын үздіксіз қадағалап отырады.
– Қазір таудағы ахуал тұрақты, бәрі біздің бақылауымызда. Қауіпті көлдер тұрақты бақылауда ұсталады, – деді филиал басшысының орынбасары Әлішер Тоқтасын.
Оның айтуынша, су айдындары сел қаупі кезеңі бойы тексеріліп, қажет болған жағдайда әуеден де бақылау жүргізіледі. Қауіп туындаған жағдайда мамандар су деңгейін алдын ала төмендетіп, арналарды тазартады.
Осыған байланысты мамандар қазіргі уақытта Алматыда Непалда болған апатқа ұқсас жағдайдың қайталануын болжап отырған жоқ.
Еске салайық, 25 тамызда Непалдың Қытаймен шекаралас аумағында Лангтанг-Лирунг тауының баурайындағы мұздықтың бір бөлігі опырылып түскен. Мұз өзен арнасын бөгеп, соның салдарынан сел мен су тасқыны басталған.
Кейінгі мәлімет бойынша, Непалдағы апаттан 600-ден астам адам қаза тауып, 3 мыңға жуық адам хабар-ошарсыз кеткен. Сонымен қатар апат аймағында Қазақстаннан барған үш турист қызды іздеу жұмыстары жалғасып жатыр.