АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысына байланысты 400-ге жуық кеме бірнеше айдан бері Парсы шығанағынан қауіпсіз шыға алмай отыр. Олардың бортында шамамен 6 мың теңізші бар, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Толығырақ
Бұл туралы Халықаралық теңіз ұйымының бас хатшысы Арсенио Домингес мәлімдеді. Оның айтуынша, кейбір кемелер аймақтан шығып үлгергенімен, 400-ге дейін кеме әлі де Парсы шығанағында қалып отыр.
Домингес теңіздегі қауіпсіздік жағдайының нашарлауы ең әуелі қауіпті аймақта жүрген қарапайым теңізшілерге әсер етіп жатқанын атап өтті.
70 шабуыл тіркелді
Соғыс басталғалы бері Халықаралық теңіз ұйымы Парсы шығанағында, Ормуз бұғазында және оған іргелес суларда шетелдік кемелерге жасалған 70 шабуылды растады. Бұл шабуылдар салдарынан 19 теңізші қаза тапқан.
Қақтығыстың негізгі ошақтарының бірі – әлемдік мұнай саудасы үшін аса маңызды бағыт саналатын Ормуз бұғазы. Соғыс қимылдары басталғанға дейін бұғаз халықаралық кеме қатынасы үшін ашық болған. Қазір оған бақылау орнатуға Иран да, АҚШ та талпынып отыр.