Балаева депутат Тоқтамұратқа қатысты дауға түсінік берді

Ulysmedia
Ulysmedia коллажы

Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрінің міндетін атқарушы Аида Балаева журналистерге тұрғын үйдің қандай тәртіппен берілгенін және қазір қалай беріліп жатқанын түсіндірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Балаеваның айтуынша, кейінгі күндері Құрылтайдың кейбір депутаттарына қатысты, соның ішінде тұрғын үй мәселесіне байланысты түрлі «алып-қашпа әңгімелер мен орынсыз пікірлер» тарап жатыр.

– Соңғы күндері Құрылтайдың бірқатар депутаттарына қатысты, оның ішінде тұрғын үй мәселесі бойынша түрлі алыпқашпа әңгімелер мен орынсыз пікірлер айтылып, мұның соңы буллингке ұласып бара жатқаны байқалады. Мәдениет және ақпарат министрі ретінде Мемлекет басшысы мәдениет және медиа саласы қызметкерлерінің тұрғын үй мәселесін жүйелі түрде шешіп келе жатқанын атап өткім келеді, – деді ол.

Журналистерге тұрғын үй қалай беріледі?

Балаева журналистер мен медиа саласының өкілдеріне пәтер беру тәртібіне жеке тоқталды.

Оның айтуынша, алғашқы жылдары журналистерге пәтер редакциялар өздері жасақтаған тізім бойынша берілген.

Кейін бұл тәртіп өзгерген. Қазір, вице-премьердің айтуынша, тұрғын үй белгіленген ережелерге сәйкес және тек жеке баспанасы жоқ сала қызметкерлеріне беріледі.

– Алғашқы жылдары журналистерге пәтерлер редакциялар ұсынған тізімдер бойынша берілді. Кейінгі жылдардан бастап бүгінге дейін пәтерлер тұрғын үй беру қағидаларына сәйкес, меншігінде жылжымайтын мүлкі жоқ сала қызметкерлеріне ғана беріліп келеді, – деп түсіндірді Балаева.

Сондай-ақ ол Мемлекет басшысының мәдениет және медиа саласы қызметкерлерінің тұрғын үй мәселесін жүйелі түрде шешіп келе жатқанын атап өтті.

Депутаттарды сұрақтарға жауап беруге шақырды

Сонымен қатар Балаева мемлекеттік органдар мен Құрылтай депутаттары журналистердің көкейіндегі сауалдарға түсінік беруге тиіс екенін атап өтті. Оның сөзінше, бұл түсініспеушіліктің алдын алу үшін қажет.

Сонымен бірге вице-премьер бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне де үн қатып, кәсіби әдеп нормаларын сақтаудың маңызын еске салды.

– Қудалау, жеке басқа тиісу, айла-шарғы жасау, елең еткізер тақырып үшін әдейі арандату кәсіби журналистке жараспайды, – деді ол.

Балаева «Масс-медиа туралы» заңның 26-бабына сәйкес кәсіби әдеп нормаларын сақтау журналистің міндеті екенін еске салды.

Сөз соңында ол БАҚ өкілдерін аккредиттеу талаптарын, іс-шаралардың регламентін және кәсіби әдеп нормаларын сақтауға үндеді.

Контекст

Айта кетейік, сөз болып отырған депутат – бұған дейін «Қазақстан» телеарнасында диктор әрі журналист болып жұмыс істеген Құрылтайдың жаңадан сайланған депутаты Армангүл Тоқтамұрат.

Құрылтайдың алғашқы жұмыс күнінде журналистер депутаттан өзіне тиесілі пәтері бола тұра, тұрғын үй алғаны туралы мәселені түсіндіруді сұраған. Алайда Тоқтамұрат сұрақтарға  жауап беруден бас тартып, БАҚ өкілдерінен қаша жөнелген.