Непал мен Қытай шекарасында мұздықтың опырылып, қуатты сел жүруі салдарынан қаза тапқандар саны 750 адамға жетті. 3 мыңнан астам адам, оның ішінде Қазақстанның үш азаматы әлі де хабар-ошарсыз кеткендер қатарында, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Толығырақ
Непалда 734 адамның қаза тапқаны расталды, тағы 2 498 адам табылмай жатыр. Құтқарушылар 7514 адамды қауіпсіз жерге эвакуациялаған.
Қытай жағында, Гьеронг уезінде 16 адам қаза тауып, тағы 546 адам хабар-ошарсыз кеткен. Сонымен қатар Бейжің Тибетте 23 елден келген 261 шетел азаматының орналасқан жерін анықтау мүмкін болмай отырғанын хабарлады.
Қызыл Крест ұйымының бағалауынша, жалпы зардап шеккендер саны 90 мыңнан асады.
Құтқару жұмыстарына жаңа қауіптер кедергі келтіріп жатыр
Кезекті жауын-шашыннан кейін Тришули өзеніндегі су деңгейі қайта көтерілді. Жаңа су тасқыны қаупіне байланысты тұрғындар мен құтқарушыларды биіктеу жерлерге көшіруге тура келді.
28 тамыздан бері іздеу жұмыстары бірнеше рет тоқтатылды.
Екі ел шекарасындағы апаттан кейін пайда болған көл де алаңдаушылық туғызып отыр. 29 тамызға қарай оның суының басым бөлігі тартылған. Алайда кейін дрондар төмен қарай 2,8 шақырым жерде жаңа көшкін болғанын анықтады. Ол өзен арнасын бөгеп, тағы бір су айдынының пайда болуына себеп болған.
Адамдарды тоннельдерден іздеп жатыр
Непалда құтқарушылар зақымданған гидроэлектр станцияларының тоннельдеріне де ерекше назар аударып жатыр. Олардың ішінде жүздеген адам қалуы мүмкін деген болжам бар.
Непал билігі тоннельдердегі құтқару жұмыстарын жүргізу, ДНҚ сараптамасын жасау және қаза тапқандарды анықтау үшін халықаралық көмек сұрады. Қазірдің өзінде бұл жұмыстарға Қытай мен Үндістан мамандары қосылды.
Жаппай жерлеу басталды
Қайғылы оқиғаның ауқымына байланысты Непал билігі ұзақ уақыт сақтауға мүмкіндік жоқ, тұлғасы анықталмаған мәйіттерді жерлей бастады.
Жерлеу алдында қаза тапқандардың суреті түсіріліп, ДНҚ үлгілері алынады және кейін туыстары олардың кім екенін анықтай алуы үшін барлық мүмкін белгілері тіркеледі.
Полицияның мәліметінше, табылған мәйіттердің жартысынан көбін сыртқы белгілеріне қарап анықтау мүмкін емес.
Қазақстанның үш азаматы да іздестіріліп жатыр
Еске салайық, апат болған аумақта Қазақстанның үш азаматын іздеу жұмыстары да жалғасып жатыр. Бұған дейін СІМ дипломаттардың Непал және Қытай билігімен байланыста екенін және қазақстандықтардың орналасқан жерін анықтауға әрекет жасап жатқанын хабарлаған.