Қазақстанда жаздың соңғы күні ауа райы қандай болады

Ulysmedia
Ulysmedia

Қазақстанда жаздың соңғы күні құбылмалы болады. 31 тамызда кей өңірлерде нөсер жаңбыр, найзағай, бұршақ және екпінді жел болжанып отыр, басқа аймақтарда ауа температурасы +35 градусқа дейін көтеріліп, төтенше өрт қаупі сақталады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Шығыста нөсер жаңбыр мен бұршақ жауады

Абай және Шығыс Қазақстан облыстарында жаңбыр, кей жерлерде нөсер жаңбыр, найзағай, бұршақ және екпіні күшті жел болжанып отыр. Желдің екпіні 23-28 м/с-қа дейін жетуі мүмкін.

Семейде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Өскеменде күндіз жауын-шашын түсіп, жел 15-20 м/с-қа дейін күшейеді.

Жетісу облысының таулы аймақтарында нөсер жаңбыр, бұршақ және екпінді жел болжанады. Желдің екпіні кей жерлерде 23-28 м/с-қа жетеді. Талдықорғанда да жаңбыр жауып, найзағай ойнайды.

Найзағай солтүстік пен орталыққа жетеді

Солтүстік Қазақстан облысында күндіз жаңбыр, найзағай, бұршақ және екпінді жел болуы мүмкін. Желдің екпіні кей жерлерде 28 м/с-қа дейін жетеді.

Петропавлда таңертең тұман түседі, ал күндіз найзағай ойнап, жел күшейеді.

Қостанай облысында да жаңбыр, найзағай және бұршақ күтіледі. Түнде және таңертең тұман болады.

Қарағанды облысының оңтүстігі мен шығысында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Күндіз бұршақ жауып, екпінді жел болуы мүмкін. Желдің жылдамдығы кей жерлерде 23 м/с-қа дейін күшейеді.

Ақмола облысында күн салқындау болады. Өңірдің солтүстігінде күндіз аздаған жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Ал түнде Көкшетауда топырақ бетінде -2 градусқа дейін үсік жүруі мүмкін.

Алматыда ыстықтың орнын найзағай басады

Алматы облысында 31 тамызда +35 градусқа дейінгі аптап ыстық сақталады. Сонымен қатар күннің екінші жартысында кей жерлерде өткінші жаңбыр жауып, найзағай ойнайды.

Алматыда да күннің екінші жартысында жаңбыр жауып, найзағай болады. Желдің екпіні 15 м/с-қа дейін күшеюі мүмкін.

Қонаевта ауа температурасы +33...+35 градусқа дейін көтеріледі. Кейін өткінші жаңбыр жауып, найзағай ойнауы ықтимал. Облыстың жекелеген аумақтарында шаңды дауыл соғып, желдің екпіні 23 м/с-қа дейін жетуі мүмкін.

Шаңды дауыл және жоғары өрт қаупі

Қызылорда облысында шаңды дауыл соғып, желдің жылдамдығы 15-20 м/с-қа дейін күшейеді. Қызылорданың өзінде де шаңды дауыл болуы мүмкін.

Түркістан облысының таулы аймақтарында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Шымкент пен Түркістанда жел 15-20 м/с-қа дейін күшейеді.

Жамбыл облысында жаңбыр, найзағай, бұршақ және екпінді жел күтіледі. Кей аудандарда желдің екпіні 25 м/с-қа дейін жетуі мүмкін.

Маңғыстау облысының кей жерлерінде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Ақтауда да жауын-шашын күтіледі.

Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Түркістан, Жамбыл, Ұлытау және бірқатар басқа облыстарда төтенше өрт қаупі сақталады.