Қасым-Жомарт Тоқаев Садыр Жапаровты Қырғызстанның Тәуелсіздік күнімен құттықтады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Толығырақ
Мемлекет басшысы Қырғызстан Тәуелсіздігіне 35 жыл толуына орай Президент Садыр Жапаровқа құттықтау жеделхатын жолдады.
– Бұл айтулы мереке қырғыз халқының еркіндікке, дербестік пен тәуелсіздікке ұмтылысын айшықтайды. Осы жылдар ішінде Қырғызстан ел болып еңсе тіктеуден бастап, орнықты дамуға дейінгі жолды абыроймен еңсерді. Мемлекеттіліктің іргесін бекітіп, бай рухани мұрасын сақтап қалды. Халықаралық аренада беделді елге айналды. Бұған Қырғыз Республикасының 2027-2028 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайлануы жарқын мысал бола алады, – деп жазылған құттықтауда.
Жеделхатта елдерімізді ғасырлардан тамыр тартатын достық пен тату көршілікке негізделген бауырластық қарым-қатынас байланыстыратыны атап өтілген. Президент стратегиялық серіктестік пен одақтастық қос халықтың игілігі жолында қарқынды түрде нығая беретініне сенім білдірді. Қасым-Жомарт Тоқаев Садыр Жапаровтың жауапты мемлекеттік қызметіне табыс, ал бауырлас қырғыз халқына құт-береке тіледі.
Қырғызстанның тәуелсіздігіне – 35 жыл
1991 жылғы 31 тамызда Қырғызстанның Жоғарғы Кеңесі Мемлекеттік тәуелсіздік туралы декларация қабылдады. Осыдан кейін ел ресми түрде тәуелсіз әрі егемен мемлекет атанды.
Бұдан бір жыл бұрын Қырғызстанда Егемендік туралы декларация қабылданып, президенттік билік институты енгізілген болатын.
Тоқаев Бішкекке барады
1 қыркүйекте Қазақстан президенті Бішкекте өтетін Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитіне қатысады. Жиынға Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров төрағалық етеді.
Сондай-ақ «ШЫҰ плюс» форматындағы саммит өткізу жоспарланған.