Қазақстанда күздің алғашқы күні ауа райы қандай болады

Сырым Қаржас
Pixabay.com

Қазақстанда қыркүйек айы құбылмалы ауа райымен басталады. Елдің батысында ауа температурасы +35 градусқа дейін көтерілсе, солтүстік, шығыс және орталық өңірлерде күздің алғашқы күндері түнде үсік, жаңбыр, тіпті қар аралас жаңбыр жауады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Қай өңірлерде күн суытады

1-2 қыркүйекте елдің басым бөлігінде солтүстіктен келетін антициклонның ықпалы сезіледі. Көп өңірде күн ашық әрі жауын-шашынсыз болғанымен, түнде температура айтарлықтай төмендейді.

Елдің солтүстік-батысында, солтүстігінде, шығысында және орталығында түнде ауа температурасы 0...+5 градусқа дейін төмендейді. Кей жерлерде -3 градусқа дейін үсік жүруі мүмкін. Солтүстік-батыстың жекелеген аудандарында топырақ бетінде -1 градусқа дейін үсік болжанып отыр.

Күндіз біртіндеп жылына бастайды. Солтүстікте ауа температурасы +10...+28 градустан +20...+33 градусқа дейін, ал шығыс пен орталықта +12...+25 градустан +15...+30 градусқа дейін көтеріледі.

Жаңбыр мен қар аралас жаңбыр жауады

1-2 қыркүйекте солтүстік, шығыс және орталық өңірлерде жауын-шашын болады. Түнде кей жерлерде жаңбыр мен қар аралас жаңбыр, күндіз де жаңбыр жауып, найзағай ойнайды.

Алматы облысының таулы аудандарында нөсер жаңбыр, найзағай және бұршақ жаууы мүмкін.

Солтүстік, шығыс, оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірлерде жел күшейеді. Солтүстік-батыс, солтүстік және шығыста түнде және таңертең кей жерлерде тұман түседі.

Қай өңірлерде ыстық сақталады

Ең жылы ауа райы елдің батысында болады. Түнде ауа температурасы +10...+18 градус шамасында болса, күндіз алдымен +25...+30 градусқа, кейін +28...+33 градусқа дейін көтеріледі.

Маңғыстау облысында түнде +13...+21 градус, күндіз ауа температурасы +27...+32 градус, кейін +30...+35 градус.

Оңтүстікте түнгі температура біртіндеп +13...+18 градустан +10...+15 градусқа дейін төмендейді. Таулы жерлерде салқындау болып, ауа температурасы +3...+8 градус шамасында болады.

Күндіз оңтүстік өңірлерде ауа температурасы +18...+23 градус, таулы аймақтарда +7...+12 градус болады.