ҚФФ төрешілерді сатып алуға қатысты ақпаратты тексеріп жатыр

Сырым Қаржас
ulysmedia

Қазақстан футбол федерациясы кейбір клуб өкілдері жарыста басымдыққа ие болу үшін төрешілердің шешімдеріне заңсыз ықпал етуге әрекет жасауы мүмкін екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Толығырақ

ҚФФ төрешілердің біріне заңсыз ықпал етуге әрекет жасалғаны туралы ақпарат алған. Жиналған деректерді зерделей келе, федерация аталған төрешіні футбол жарыстарына қатысудан мерзімсіз шеттету туралы шешім қабылдады. Алайда төрешінің аты-жөні әзірге жарияланған жоқ.

Бұдан бөлек, федерация жарыстарға қатысушыларға қысым көрсету және оларға материалдық сыйақы ұсыну туралы өзге де ақпараттарды тексеріп жатыр.

Федерация мәлімдемесінде:

– ҚФФ қысым көрсету әрекеттері, материалдық сыйақы ұсыну және футбол жарыстарына қатысушыларға заңсыз ықпал етудің басқа да түрлері болуы мүмкін екені туралы ақпараттарды жинау және талдау жұмыстарын жалғастырады, – делінген.

Федерация барлық келіп түскен ақпарат мұқият тексерілетінін атап өтті. Фактілер расталған жағдайда ҚФФ регламенттер мен заңнамада көзделген шараларды қабылдап, қажет болған жағдайда құзырлы мемлекеттік органдармен бірлесіп жұмыс істемек.

Сондай-ақ федерация спорттық жарыстарды манипуляциялаудың ең ауыр түрлері үшін жауапкершілік мәселесіне қатысты Қазақстан заңнамасын жетілдіру жұмыстарын бастамақ. Атап айтқанда, мұндай заңбұзушылықтар үшін қылмыстық-құқықтық жауапкершілікті күшейту мәселесі қарастырылып жатыр.