1 қыркүйекте Алматы метросында жолаушылар легі күрт артты

Сырым Қаржас
Metroalmaty.kz

1 қыркүйек таңертең Алматы метросында ұзын-сонар кезек пайда болды. Әлеуметтік желілерде жолаушылардың кіреберісте топ болып тұрғаны және пойыздарға мінуге тырысып жатқан сәттері түсірілген видеолар тарады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Толығырақ

Адамдар әсіресе «Бауыржан Момышұлы» станциясында көп жиналған. Жарияланған видеолардан жолаушылардың көптігінен пойыздарға өту қиындағанын көруге болады. Осыған байланысты алматылықтар алдағы уақытта метро жолаушылар легіне қаншалықты төтеп бере алатынын талқылап жатыр.

Метро жұмысы күшейтіледі

Бұған дейін Алматы әкімдігі оқу жылының басталуына байланысты жолдар мен қоғамдық көлікке түсетін жүктеме артатынын ескерткен. Осыған байланысты қыркүйектің алғашқы екі аптасында метро пойыздарының саны 11-ден 13 құрамға дейін көбейтіліп, таңертең пойыздар арасындағы интервал үш минутқа дейін қысқартылады деп жоспарланған.

Автобус бағыттарына да резервтен қосымша 500-ге жуық автобус шығару көзделген. Әкімдік тұрғындарға жеке көлікті мүмкіндігінше аз пайдаланып, қоғамдық көлікке отыруды ұсынған.

1 қыркүйек таңертең алматылықтар қала көшелеріндегі көлік қозғалысының әдеттегіден жеңіл болғанын да байқаған.

Бұған дейін әкімдік компанияларға қызметкерлерінің бір бөлігін уақытша қашықтан жұмыс істеуге ауыстыруды ұсынған. Әкімдік өз қызметкерлерінің бір бөлігін де қашықтан жұмыс істеуге көшіретінін хабарлаған.

Ulysmedia.kz редакциясы таңертеңгі жолаушылар легінің күрт артуына қатысты түсінік алу үшін Алматы метрополитеніне сауал жолдады.