Қазақстанда тұрғын үйді жалға беру нарығында кезекті баға өсімі байқалды. Krisha.kz мәліметінше, тамыз айында еліміздің басым бөлігінде пәтер жалдау құны айтарлықтай қымбаттаған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Баға қалай өзгерді?
Бір айдың ішінде – шілде айының соңынан тамыз айының соңына дейін – жалдау бағасы айтарлықтай өскен. Өсу қарқыны бойынша екі бөлмелі пәтерлер көш бастап, олардың орташа бағасы 13% қымбаттаған. Бір бөлмелі пәтерлердің бағасы 11%-ға, ал үш бөлмелі пәтерлердікі 10%-ға өскен.
Бір қызығы, бұл үрдіс тек мегаполистермен шектелмеген. Бағаның өсуі өңірлердің басым бөлігінің орталықтарында да тіркелді.
Өңірлердегі жағдай
Кейбір қалаларда жалдау құны бірден төрттен біріне, тіпті одан да көп мөлшерге өскен.
Мәселен, Қарағанды, Қостанай және Павлодар қалаларында екі бөлмелі пәтерлердің жалдау бағасы 20-26% өсіп, 230-250 мың теңгеге жетті.
Көкшетауда үш бөлмелі пәтерлердің бағасы бірден 30%-ға өскен. Ал Павлодарда бір бөлмелі пәтерлердің жалдау құны шамамен 29% қымбаттаған.
Астана мен Алматы
Еліміздің басты қалаларында да қызық ахуал қалыптасты. Астана шілде айында жалдау құны бойынша Алматыдан оза бастаған еді. Тамызда елорда бұл көрсеткіш бойынша көшбасшылығын сақтап қалды.
Қазір Астанада бір бөлмелі пәтерді жалдау құны – орта есеппен 250 мың теңге. Алматыда бұл көрсеткіш – 230 мың теңге.
Ал екі және үш бөлмелі пәтерлердің бағасы екі қалада да бірдей. Екі бөлмелі пәтер үшін орта есеппен 350 мың теңге, үш бөлмелі пәтер үшін 500 мың теңге сұралады.
Қай қалада баға төмендеді?
Жалдау бағасы төмендеген жалғыз қала – Қонаев. Мұнда бір бөлмелі пәтерлердің жалдау құны 10 мың теңге арзандаған. Ал қалған санаттағы тұрғын үй бағасы негізінен бұрынғы деңгейде сақталған.