Ozon дрон шабуылдарынан кейін тауарларды Қазақстанда сақтауды ұсынды

Сырым Қаржас
report.az

Ozon ресейлік сатушыларға тауарларын Қазақстандағы қоймаларда сақтауды ұсынды. Маркетплейс Ресейдегі логистикалық орталықтарға жасалған дрон шабуылдарының бірнеше сериясынан кейін осындай шешім қабылдаған. Қыркүйек айының соңына дейін Ozon Алматы мен Астанаға жүк тасымалдау үшін ақы алмайды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz «Коммерсантъ FM»-ге сілтеме жасап.

Қоймаларға не болды?

Тамыз айының соңында дрондар Махачкала, Краснодар, Адыгейск және Белгородтағы, сондай-ақ Орынбор, Ростов және Самара облыстарындағы Ozon логистикалық орталықтарына шабуыл жасаған. Қоймалардың бірінен 500 адам эвакуацияланды.

Wildberries те шабуылдардан зардап шекті. Компанияның логистикалық нысандарының ауқымы мен келтірілген залал көлемі одан да жоғары болды.

Неліктен Қазақстан?

Ozon Қазақстандағы қоймаларды тауар сақтаудың қауіпсіз баламасы ретінде қарастырып отыр. Жеткізілетін тауар көлеміне шектеу қойылмайды. Маркетплейстің бағалауынша, жеткізу мерзімі айтарлықтай өзгермейді.

— Қашықтық әдеттегіден ұзақ болғанымен, клиенттер үшін жеткізу мерзімі қолайлы. Мысалы, Екатеринбургке тапсырыстарды орта есеппен 4-5 күнде жеткіземіз, — деп мәлімдеді Ozon.

Мәселелер де бар

Data Insight сарапшысы Сергей Семко бұл шешімді қисынды деп санайды, алайда бірқатар шектеу барын атап өтті. Қазақстандағы қоймалар шағын, ал Мәскеуге жеткізу 2-3 күнге ұзағырақ болады. Бұл логистика құнын едәуір арттырады.

— Жаңа шығындар сатушылардың мойнына түседі, кейін ол тұтынушыларға беріледі. Сатушылардың бір бөлігі бұл ұсынысқа қызығушылық танытады. Бұл олардың қоймасының өтемақысыз өртеніп кетпейтініне кепілдік береді, — деді Семко.

«Клуб партнёров на маркетплейсах» негізін қалаушы Илья Бухарин басқа тәуекелге назар аударды. Оның айтуынша, Қазақстаннан Мәскеуге жеткізу Қытайдан жеткізумен бірдей уақыт алуы мүмкін. Мұндай жағдайда сатып алушылар Қытайдағы сатушылардан төмен бағамен тауарға тапсырыс бере бастайды.

— Мен бұл мүмкіндікті сақтандыру құралы ретінде пайдаланар едім. Сұранысы жоғары тауарлардың негізгі қорын Қазақстанда ұстап, логистикадағы іркіліс кезінде сатылымнан айырылып қалмауға тырысар едім, — деді Бухарин.

Wildberries те Қазақстанға келеді

Wildberries Қазақстанда жалпы аумағы 260 мың шаршы метр болатын логистикалық орталықтар салуды жоспарлап отыр. Маркетплейстің бұл жоспары туралы Қазақстан билігі тамыз айының басында хабарлаған.

Бұған дейін 24 тамызға қараған түні дрондар Ресейдің бірнеше өңіріндегі Ozon қоймаларына жаппай шабуыл жасағанын жазған едік. Бұған дейін компания сатушылармен жасалған келісімшарттардан әскери іс-қимылдар мен дрон шабуылдары салдарынан жойылған тауарлар үшін өтемақы төлеу туралы тармақты алып тастаған.