Атырауда Донецкідегі әскери бөлімнен қашып, Қазақстан шекарасын даламен жаяу заңсыз кесіп өткен Ресей әскери қызметшісіне сот үкімі шықты. Ол Қазақстанда бір жылдан астам уақыт бойы жасырынып жүрген, кейін ұсталған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Туризм бизнесінен — соғысқа
36 жастағы Александр Чабоев — Якутияның тумасы. Әскерге дейін бейбіт өмір сүріп, «Северный край» туристік компаниясын басқарған.
Оның әскерге қалай алынғаны нақты белгісіз. Іс материалдарында ол бірде келісімшарт бойынша әскери қызметші, бірде жұмылдырылған азамат ретінде көрсетілген.
2025 жылдың мамырына қарай Чабоев Донецкідегі №35390 әскери бөлімінде қызмет еткен. Бірнеше күннен кейін ол әскери бөлімнен өз бетінше кетіп қалған.
Қазақстанға дала арқылы өткен
Донецкіден Чабоев жолай көлікпен Волгоградқа жетіп, одан әрі Қазақстан шекарасына қарай бет алған.
Шекараны кесіп өту үшін Батыс Қазақстан облысындағы Жәнібек ауылына жақын аумақты таңдаған. Ресми өткізу бекеті ауылдан үш шақырым жерде орналасқан. Алайда Чабоев бекетті айналып өтіп, дала арқылы жаяу Қазақстанға кірген.
Осыдан кейін ол 13 ай бойы із-түзсіз кеткен. Бұл уақыт ішінде қайда тұрғаны және немен айналысқаны белгісіз.
Атыраудан табылды
2026 жылғы 17 маусымда Атырау қаласында экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Чабоевті анықтаған.
Ол кезде Ресей билігі Чабоевті дезертирлік бойынша халықаралық іздеуге жариялап қойған.
Сотта Чабоев әскери бөлімнен қашқанын да, Қазақстан шекарасын заңсыз кесіп өткенін де мойындады. Өз әрекетін өміріне қауіп төнетінінен қорыққанымен және әскери қызметін жалғастырғысы келмегенімен түсіндірді.
Ол соттан рақымшылық жасауды және Қазақстаннан шығармауды сұрады.
Сот шешімі
19 тамызда Атырау қаласының №2 соты Чабоевті бір жылға бас бостандығынан айырды. Алайда сот оны рақымшылыққа байланысты бірден босатты. Ол сот залынан қамаудан шығарылды.
Дегенмен Қазақстанда қалуына рұқсат берілген жоқ. Сот оны бес жыл мерзімге ел аумағынан шығаруға шешім қабылдады.
Шешімді орындау ҰҚК Шекара қызметі мен полицияға тапсырылды. Чабоевтің нақты қай елге шығарылатыны сот құжаттарында көрсетілмеген.
Сотталған адамның әйелі және кәмелетке толмаған төрт баласы бар.
Бұған дейін Ивановода Қазақстанның 43 жастағы тумасына қатысты сот өтіп жатқаны хабарланған. Оған Украинадағы соғыста болмаған жарақаты үшін миллион рубль көлемінде өтемақы алуға әрекет жасады деген айып тағылған.