1200-ден астам адам қаза тапты: БҰҰ Непалға көмек үшін қомақты қаржы сұрады

Ulysmedia
Reuters

БҰҰ мен гуманитарлық ұйымдар жойқын су тасқыны мен көшкіннен зардап шеккен Непалға шұғыл көмек көрсету үшін 49,6 миллион доллар қажет екенін мәлімдеді. Бұл қаражат баспанасыз қалып, ауызсу мен күнделікті қажет заттарға мұқтаж 84 мыңнан аса адамға көмек көрсетуге жұмсалмақ, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Апаттың салдары

Табиғи апат 26 тамызда Непалдың солтүстігінде басталған. БҰҰ мәліметінше, 1250-ден астам адам қаза тауып, мыңдаған тұрғын әлі күнге дейін із-түзсіз жоғалғандар қатарында.

Расува, Нувакот және Дхадинг аудандары әсіресе қатты зардап шекті. Тұтас ауылдардың тұрғындары үйлерін тастап кетуге мәжбүр болған.

Тасқын жолдарды, электр желілерін, ауызсу және кәріз жүйелерін бүлдірді. Кейбір елді мекендерге көмек жеткізу іс жүзінде мүмкін болмай қалған.

Қаражат неге жұмсалады?

Көмек көрсету жоспары төрт айға есептелген. БҰҰ мен серіктес ұйымдар бүлінген сумен жабдықтау жүйелерін қалпына келтіріп, суды жедел тазартатын құрылғылар орнатуды және тұрғындарға жеке гигиена заттарын таратуды жоспарлап отыр.

Бұл әсіресе қыс түсер алдында таулы аймақтарда жұқпалы аурулардың таралу қаупін азайтуға мүмкіндік бермек.

Сондай-ақ, зардап шеккендер уақытша баспанамен, медициналық көмекпен және қаржылай қолдаумен қамтамасыз етіледі.

«Бірнеше минутта бәрінен айырылып қалды»

БҰҰ-ның Непалдағы тұрақты үйлестірушісі Лила Питерс Яхья көптеген отбасы баспанасынан ғана емес, жақындарынан және күнкөріс көзінен де айырылғанын айтты.

– Бірнеше минуттың ішінде бәрі жоқ болды. Бұл көмек қыс түскенге дейін жетуі қиын елді мекендердегі тұрғындарды қаржылай қолдауға, уақытша баспанамен, медициналық қызметпен, таза ауызсумен қамтамасыз етуге және олардың қауіпсіздігін қорғауға мүмкіндік береді, – деді ол.

Бұған дейін Қытаймен шекаралас Расува және оған көршілес аудандардағы су тасқынынан қаза тапқандар саны 1287 адамға жеткені хабарланған еді.

Көшкіннен кейін әлі күнге дейін байланысқа шықпаған адамдардың арасында Қазақстан азаматтары да бар.