АҚШ президентінің арнайы өкілдері Стив Уиткофф пен Джаред Кушнер Мәскеуге барды. Олар Украинадағы соғысты тоқтату мүмкіндігін талқылап, одан кейін Киевке бармақ, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Олар Мәскеуге қандай ұсыныспен барды?
ТАСС Мәскеуде оларды қарсы алатын кортеждің бейнежазбасын жариялады. АҚШ-тың арнайы ұшағы Ресейдің әуе кеңістігіне кіргені хабарланды.
Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Уиткофф пен Кушнердің соғысты тоқтату жөніндегі ұсынысты жеткізетінін айтқан.
«Олар соғысты тоқтату туралы ұсынысты алып барады. Мен бұған дейін сегіз соғысты тоқтаттым ғой. Мені мақтан тұтасыздар деп сенемін. Сегіз соғысты тоқтаттым, бірақ бұл еңбегімді ешкім бағалап жатқан жоқ», – деді Трамп.
Жоспар бойынша, Мәскеудегі келіссөздерден кейін АҚШ делегациясы Киевке баруға тиіс. Бұған дейін Уиткофф пен Кушнердің Ресей астанасына 5 қыркүйекте, ал Украинаға 6 қыркүйекте баруды жоспарлап отырғаны хабарланған.
Путин оларды қуана қарсы алатынын айтқан
Бұған дейін Владимир Путин Уиткофф пен Кушнерді Ресейде қуана қарсы алатынын әрі олармен жұмыс істеу Мәскеуге қолайлы екенін айтқан. Украина президенті Владимир Зеленский де олардың келуін күтіп отырғанын мәлімдеген.
Уиткофф пен Кушнер 2025 жылғы желтоқсанның басында да Путинмен келіссөз жүргізу үшін Мәскеуге барған еді.
Келіссөздер уақытша тоқтаған
Ресей, Украина және АҚШ өкілдерінің кейінгі үшжақты кездесуі 2026 жылғы 17–18 ақпанда Женевада өтті. Алайда тараптар келісімге келе алмады.
Келіссөздердің келесі кезеңін 5 наурызда Әбу-Дабиде өткізу жоспарланған болатын. Бірақ АҚШ пен Израильдің Иранмен соғысы басталғаннан кейін кездесу белгісіз мерзімге шегерілді.
Кейін Киев келіссөздер қыркүйекте қайта жалғасуы мүмкін екенін мәлімдеді. Кремль келесі кездесудің нақты күнін атаған жоқ.
Бұған дейін Мәскеуге АҚШ барлау қызметінің басшысы барған
Тамыздың аяғында АҚШ Орталық барлау басқармасының директоры Джон Рэтклифф Мәскеуге құпия сапармен барған. Келіссөздердің жай-жапсары ресми түрде жарияланбады.
Кейін осы сапар барысында Дональд Трамп, Владимир Путин және Владимир Зеленскийдің үшжақты кездесуін өткізу мүмкіндігі талқыланғаны хабарланды.
Сондай-ақ, АҚШ Рэтклиффтің сапары кезінде Киевтен Ресейге шабуыл жасамай тұруды сұрағаны туралы ақпарат тарады.
Соғыс бесінші жылға ұласты
Украинадағы соғыс бесінші жылға ұласты. Осы уақыт ішінде жүздеген мың адам қаза тауып, қалалар қирады. Миллиондаған тұрғын баспанасынан айырылды немесе басқа жаққа қоныс аударуға мәжбүр болды.
Кейінгі айларда АҚШ келіссөздерге белсене араласа бастады. Ал тараптар соғысты тоқтатуға негіз бола алатын бейбіт жоспарды қайта талқылауға кірісті.
Бұған дейін Украина сыртқы істер министрі Андрей Сибига Ulysmedia.kz-ке берген арнайы сұхбатында Киев мемлекет басшылары деңгейінде кездесуге және ешқандай шарт қоймай атысты тоқтатуға дайын екенін мәлімдеген.