Алматыдағы Бұтақты шатқалында құрылыс техникасы «Бұтақты-2» археологиялық ескерткішінің бір бөлігін жойып жіберген. Қазақстандық археологтардың айтуынша, бұл жерде шамамен 2,8 мың жыл бұрынғы ерте темір дәуіріне жататын көне қоныс болған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Оқиғаның мән-жайы
Археологтардың мәліметінше, көне 15 баспананың тоғызы қайтарымсыз жоғалған. Сондай-ақ, мәдени қабатқа да айтарлықтай зақым келген.
Олардың айтуынша, ежелгі қоныс орналасқан аумақ құрылыс алаңына айналған.
«Бұл жерде археологтардың рұқсатынсыз қандай да бір жұмыс жүргізуге болмайтын. Алайда Алматы археологтары көне ескерткішті бұзуға рұқсат алу үшін біреудің жүгінгені немесе мұндай рұқсаттың берілгені туралы ештеңе білмейтіндерін айтып отыр», – делінген @kazakhstanstranapetroglifov парақшасындағы жазбада.
Төменгі бөлігі толық жойылған
Марғұлан атындағы Археология институтының жетекші ғылыми қызметкері Александр Горячевтің айтуынша, техника беткейдің шамамен 3–4 метр тереңдігін қырып тастаған.
Оның сөзінше, тоғыз тұрғын үй мен шаруашылық нысандары орналасқан қоныстың төменгі бөлігі толық жойылған.
Ал ортаңғы және жоғарғы бөліктері әзірге сақталып тұр, өйткені техника ол жерге жетпеген.
Археологтар бұл аумақтан әр дәуірге, соның ішінде ерте темір кезеңіне жататын тас құралдар мен қыш бұйымдарды бұған дейін де тапқан.
Ескерткіш туристік нысанға айналуы мүмкін еді
Археологтар бұл қоныстың Римнен де көне әрі тарихи маңызы зор болғанын айтады.
Олардың пікірінше, ол Алматыдағы тағы бір туристік нысанға айналуы мүмкін еді. Алайда ескерткіштің едәуір бөлігі енді біржола жоғалды.
«Петроглиф аңшылары» қорының атқарушы директоры Ольга Гумирова қыш ыдыстар мен тас құралдар секілді жеке жәдігерлер ғана емес, көне үйлердің құрылымы, оларды салу тәсілі мен пайдаланылған материалдардың өзі аса құнды болғанын атап өтті.
Оның айтуынша, дәл осы деректер мыңдаған жыл бұрынғы адамдардың қалай өмір сүріп, қалай еңбек еткенін түсінуге мүмкіндік берер еді.