Қазақстанның көк бөріден ұлттық құрамасы Қырғызстанда өтіп жатқан VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында күміс жүлдеге ие болды. Финалда қазақстандықтар алаң иелеріне 0:12 есебімен есе жіберді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Матч 6 қыркүйекте Шолпан-Атада өтті. Алаң иелері алғашқы ұпайын үшінші минутта еншіледі. Бірінші таймның аяғына қарай Қырғызстан құрамасы 4:0 есебімен алға шықты.
Екінші таймда қырғыз спортшылары басымдығын одан әрі арттырды. Олар төрт нәтижелі шабуыл жасап, есепті 8:0-ге жеткізді.
Соңғы таймда алаң иелері тағы төрт салым жасап, финалды 12:0 есебімен аяқтады.
Осылайша, Қырғызстан көк бөріден Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының чемпионы атанды, ал Қазақстан құрамасы күміс жүлдеге ие болды.
Үшінші орынды Ресей құрамасы иеленді. Қола жүлде үшін өткен кездесуде олар Тәжікстанды 3:0 есебімен жеңді.
Турнирге Өзбекстан, Венгрия және АҚШ құрамалары қатысты.
VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына 113 елден үш мыңнан астам спортшы қатысты. Бұл - турнир тарихындағы рекорд.