Алматы облысындағы тұрғын үй кешенінің ауласында екі баланы көлік қағып кетті

Ulysmedia
Видео кадры

Алматы облысындағы тұрғын үй кешендерінің бірінің ауласында екі баланы көлік қағып кетті. Екеуі де жарақат алып, ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жайы

Жол апаты 4 қыркүйекте шамамен сағат 18:20-да Талғар ауданына қарасты Бесағаш ауылында болған.

Оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде тарады. Кадрлардан Chevrolet Cobalt көлігінің «Нұрия» тұрғын үй кешенінің ауласында екі баланы қағып кеткені көрінеді.

Жергілікті тұрғындардың болжамынша, көлік шамамен сағатына 40 шақырым жылдамдықпен жүрген.

Полиция не дейді?

Алматы облыстық полиция департаменті жол апаты болғанын растады.

Ведомство мәліметінше, зардап шеккен балалар түрлі жарақатпен медициналық мекемеге жеткізілген.

Chevrolet Cobalt көлігін басқарған 25 жастағы жүргізуші жауапкершілікке тартылды.

Полиция аула ішінде және тұрғын аймақтарда жүргізушілер жылдамдыққа ерекше мән беріп, жаяу жүргіншілерге мұқият болуы керегін еске салды.