ОПЕК+ қазанда мұнай өндіру көлемін өзгеріссіз қалдыруы мүмкін

Ulysmedia
Ulysmedia.kz коллажы

ОПЕК+ елдері 6 қыркүйектегі кездесуде қазанға арналған мұнай өндіру жоспарын өзгеріссіз қалдыруы мүмкін, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жайы

Бұл туралы Reuters агенттігіне талқылаудан хабары бар екі дереккөз мәлімдеген. Олардың айтуынша, мұнай өндіруге қатысты жаңа шешім қабылдамас бұрын ұйымға мүше елдер алдағы квоталар бойынша ортақ мәмілеге келуі керек.

Тамызда ОПЕК+ қыркүйекке мұнай өндіру көлемін тағы арттыруға келісті. Осылайша елдер 2023 жылы енгізілген тәулігіне 1,65 млн баррель көлеміндегі қысқартуды біртіндеп тоқтату кезеңін аяқтады.

Алайда қазір ұйымға мүше елдердің нақты мұнай өндіру көлемі белгіленген деңгейден едәуір төмен болып отыр. Бұған Иранмен жалғасып жатқан соғыс пен Ормуз бұғазы арқылы мұнай тасымалдаудағы іркілістер әсер етіп отыр.

Алдымен жаңа квоталар белгіленеді

ОПЕК+ құрамындағы 21 елдің басым бөлігінде 2026 жылдың аяғына дейін мұнай өндіруге қатысты қосымша шектеулер күшінде қалады.

Бұл шектеулерден толық бас тартпас бұрын ұйым әр елдің мұнай өндіру мүмкіндігін қайта бағалауды жоспарлап отыр. Осы деректер 2027 жылға арналған жаңа квоталарды белгілеуге негіз болады.

Төртінші тоқсанда үзіліс болуы мүмкін

Reuters дереккөздері бұған дейін мұнай өндірудің жаңа базалық деңгейлерін талқылау 2026 жылдың кейінгі кезеңіне қалуы мүмкін екенін хабарлаған.

Сондықтан ОПЕК+ төртінші тоқсанда мұнай өндіруді одан әрі арттырмай, қазіргі көлемді біраз уақыт сақтап қалуы ықтимал.