Италия премьер-министрі Джорджа Мелони Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси рекордымен құттықтағаннан кейін оған алғыс білдірді. Мелони үкіметі Италия Республикасы тарихындағы ең ұзақ жұмыс істеген үкімет атанды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Италия үкіметінің басшысы X әлеуметтік желісінде Тоқаевтың жылы лебізін және олардың арасындағы «шынайы достықты» жоғары бағалайтынын жазды.
«Президент @TokayevKZ, құрметке толы сөзіңіз бен кездесулерімізде әрдайым сезілетін шынайы достығыңыз үшін алғыс айтамын. Болашаққа ұмтылған көшбасшымен жұмыс істеу - мен үшін үлкен мәртебе», — деп жазды ол.
Мелони Италия мен Қазақстан энергетика, стратегиялық маңызы бар шикізат және жоғары білім салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтып жатқанын да атап өтті.
«Халықтарымыздың өсіп-өркендеуі үшін осы бағыттағы жұмысты жалғастыра береміз», — деді премьер.
Оның үкіметі 2022 жылғы 22 қазаннан бері жұмыс істеп келеді және қызмет ету ұзақтығы бойынша Сильвио Берлусконидің екінші үкіметінен асып түсті.
Сондай-ақ, Мелони Италия Республикасының тарихында бір үкімет құрамын ең ұзақ уақыт басқарған премьер-министр атанды.
Бұдан бөлек, ол ел тарихындағы алғашқы әйел премьер-министр болды.
Тоқаев Мелониді құттықтаған кезде оның Италия экономикасының дамуына және елдің халықаралық аренадағы беделін нығайтуға қосқан үлесін атап өткен еді.