Қазақстандағы ең ықпалды әйелдер: Forbes рейтингінде кімдер көш бастады

Сырым Қаржас
Ulysmedia коллажы

Forbes Kazakhstan елдегі ең ықпалды әйелдердің үшінші рейтингін жариялады. Алғашқы төрттіктегі есімдер өзгерген жоқ, алайда тізімге бес жаңа есім қосылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Көшбасшылар өзгермеді

Рейтингті Halyk Bank басқарма төрайымы Үміт Шаяхметова бастап тұр. Екінші орында – Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымова. Үшінші орынға Қауіпсіздік кеңесі хатшысының орынбасары Аида Балаева жайғасқан. Төртінші орында – «Отбасы банк» басшысы Ләззат Ибрагимова.

Бұл төрттік қатарынан үшінші жыл үздіктер қатарындағы позициясын сақтап отыр.

Ал үздік бестікті «Сәби» қорын және Орталық Азияның экологиялық зерттеулер институтын құрған эколог әрі кәсіпкер Әсел Тасмағамбетова түйіндеді.

Рейтингке енген 25 әйелдің 18-і былтырғы орнын сақтаған. Олардың оны жоғары позицияға көтерілсе, төртеуі төмендеген.

Рейтингтегі жаңадан қосылғандар

Алғаш рет тізімге денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова (8-орын), оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова (9-орын), продюсер әрі кәсіпкер Баян Алагөзова (21-орын), бизнесмен Гауһар Әбдіқайева (24-орын) және кәсіпкер Раушан Жақсыбай (25-орын) енді.

Рейтингке Президент әкімшілігі басшысының орынбасары Әсел Жанасова (19-орын) қайта енді.

Бизнестің үлесі артты

Биыл рейтингте ең көп ұсынылған сала – бизнес. Бұл бағытта жеті әйел бар. Тағы бес-бес қатысушы мемлекеттік басқару және қаржы секторынан.

Сондай-ақ рейтингке квазимемлекеттік компаниялардың басшылары, құқық қорғаушылар, ғылым және мәдениет саласының өкілдері енген.

Рейтингке қатысушылардың орташа жасы – 52 жас. Ең жасы – 39 жастағы Әсел Жанасова, ал ең үлкені – 69 жастағы пианист Жәния Әубәкірова.

Бұған дейін Forbes Kazakhstan Қазақстандағы ең бай бизнесмендердің рейтингін жаңартқанын жазған едік. Тізімдегі 75 адамның жиынтық байлығы 60,84 млрд долларға жетті. Үшінші жыл қатарынан көшті 7,8 млрд доллар байлығымен Вячеслав Ким бастап тұр. Ал рейтингтегі басты жаңалықтардың бірі – шикізат секторындағы стратегиялық активтерді белсенді сатып алып жүрген 35 жастағы Шахмурат Муталип болды.