Түркияда тек этникалық қазақтар тұратын ауыл бар. Ол Алтай деп аталады және елдің орталық бөлігіндегі Нигде провинциясында орналасқан. Әлеуметтік желіде осы ауылдан түсірілген видео тарады. Онда Омер есімді жергілікті тұрғын елді мекеннің тарихын баяндаған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Алтай ауылы қалай пайда болды?
Жергілікті тұрғынның айтуынша, ауыл 1955 жылы қазақ көшіп келушілер үшін арнайы құрылған.
– Ол кезде дәл қазақтар қоныстандырылған жалғыз ауыл осы болды, – дейді ол.
Ауыл тұрғындарының ата-бабалары Түркияға Шығыс Түркістаннан келген. Олар Тибет, Үндістан және Пәкістан арқылы бірнеше жылға созылған ұзақ жолдан өткен.
Түркияға келгеннен кейін ел билігі бұл жерге шамамен 165 қазақ отбасын қоныстандырған. Әр отбасына үй мен жер бөлінген.
Бастапқыда ауылды «Орал» деп атау жоспарланған. Алайда көшіп келген қазақтар Алтай тауларын еске алу үшін ауылдың атын «Алтай» деп қоюды ұсынған.
– Қазақтар жергілікті халықпен бірге қоныстанған басқа да жерлер бар. Мысалы, Кайсери өңіріндегі Караджёрен, Мусаджылы. Сондай-ақ Аксарайдағы Сұлтанханы және қазақтар жергілікті тұрғындармен бірге тұрған басқа да елді мекендер бар, – дейді Омер.
Алтай ауылының ерекшелігі – оның бастапқыда жеке қазақ ауылы ретінде құрылуында.
Қазір ауылда тұрғын аз қалған
Бүгінде Алтайдың тұрақты тұрғындарының саны азайған. Кейінгі жылдардағы мәлімет бойынша, ауылда шамамен 100 адам тұрады.
Уақыт өте келе көптеген отбасы Түркияның ірі қалаларына, Еуропаға немесе Қазақстанға көшіп кеткен. Қыста ауа райының суық болуына байланысты тұрғындардың бір бөлігі аудан орталығына да қоныс аударады.
Тұрғындар саны азайғанына қарамастан, ауыл халқы қазақ тілін, ұлттық тағамдар мен дәстүрлерді сақтап келеді. Мұнда домбыра тартып, қазақтың ұлттық тағамдарын әзірлейді, дәстүрлі тойлар мен ұлттық мерекелер өткізеді.