Ақтау тұрғындарын шаңды дауыл мен екпінді жел әбігерге салды. Екпіні күшті жел шатырларды жұлып, бағдаршамдар мен жарнама құрылымдарын құлатып, аялдамалар мен қоқыс жәшіктерін аударған. Көшелерде қораптар мен басқа да жеңіл заттар ұшып жүрген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Қаланы шаң басты
Ақтау тұрғындары қолайсыз ауа райынан кейінгі жағдайды әлеуметтік желілерде жариялап жатыр. Кадрларда қалың шаң басқан көшелерді, ауада ұшқан қоқысты, зақымданған құрылымдар мен қалалық инфрақұрылым нысандарын көруге болады.
Екпінді жел ғимараттардың қаптамаларын жұлып, түрлі құрылымды шайқап, бүлдірген. Видеолардың бірінде шатырдың желдің салдарынан теңселіп тұрғаны көруге болады. Дауылға аялдамалар, жарнама құрылымдары, бағдаршамдар мен қоқыс жәшіктері де төтеп бере алмаған.
Маңғыстау облысы ТЖД мәліметінше, 7 қыркүйекте Ақтау қаласы мен Қарақия ауданында құтқару бөлімшелері екі шақырту бойынша жұмыс істеген.
Ақтау қаласының 31-шағынауданындағы №12 үйде 10 қабатты тұрғын үйдің сыртқы жағында, 6-10-қабаттар аралығында орнатылған мұржаның құлау қаупі төнген. Құтқарушылар автосатының көмегімен мұржаны қауіпсіз жерге түсірген.
Қарақия ауданының Құрық ауылында екпінді желдің салдарынан тұрғын үйдің шамамен 100 шаршы метр шатыры ұшып кеткен. Құтқарушылар шатырдың қауіпті бөлігін бөлшектеп, қауіпсіз жерге шығарған.
– Зардап шеккендер жоқ, – деп хабарлады ведомство.
Жұмысқа 11 қызметкер мен үш техника жұмылдырылды.
Ең қауіпті жағдай әлі алда
Маңғыстау облысының ТЖД тұрғындарға ауа райының одан әрі нашарлайтынын ескертті.
«Қазгидромет» РМК филиалының мәліметінше, 8 қыркүйекте өңірде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Облыстың солтүстік-батысында нөсер жаңбыр мен бұршақ жауады. Түнде солтүстік-батыстан соғатын жел 15-20 м/с-қа дейін күшейеді. Ал облыстың батысы мен орталығында жел екпіні 23-28 м/с-қа дейін жетуі мүмкін.
Ақтауда жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Желдің жылдамдығы 15-20 м/с, екпіні 23-25 м/с-қа дейін жетеді.
Құтқарушылар жел кезінде мүмкіндігінше үйден шықпауға кеңес береді. Балкондар мен аулалардағы жел ұшырып әкетуі мүмкін жеңіл заттарды жинап, терезе мен есікті мықтап жабу қажет.
Көшеде ағаштардан, жарнама құрылымдарынан, электр желілерінен, бағандар мен құрылыс нысандарынан аулақ жүрген жөн. Көлікті ағаштардың, жарнама қалқандары мен уақытша құрылымдардың жанына қоймаған дұрыс.
Шаңды дауыл кезінде далаға шығуды шектеген жөн. Көлік жүргізушілері көріну қашықтығы күрт нашарлаған жағдайда жылдамдықты азайтып, қажет болса қауіпсіз жерге тоқтауы керек.
Төтенше жағдай туындаған жағдайда 112 нөміріне хабарласу қажет.