Қазақстан әйелдер құрамасының көшбасшысы Елена Рыбакина мансабында алғаш рет Әйелдер теннисі қауымдастығының (WTA) әлемдік рейтингінде бірінші орынға көтерілді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Толығырақ
Бұл қазақстандық теннисшінің US Open-2026 турнирінің жартылай финалына шығуының арқасында мүмкін болды. WTA-ның live-рейтингінде Рыбакина Беларусь өкілі Арина Соболенкодан озып, жаңа көшбасшы атанды. Рейтингтің ресми жаңартылған нұсқасы дүйсенбі, 14 қыркүйекте жарияланады.
Осылайша, Елена жекелей сында әлемдік рейтингті басқарған Қазақстанның тұңғыш өкілі атанды. Бұған дейін еліміздің бірде-бір спортшысы әйелдер арасында да, ерлер арасында да – жекелей сында әлемдік рейтингтің бірінші сатысына көтерілмеген.
WTA рейтингіндегі бірінші орын – Еленаның мансабындағы кезекті маңызды жетістік. Бүгінде оның еншісінде жекелей сында 13 WTA титулы бар. Рыбакина – «Үлкен дулыға» турнирлерінің екі дүркін чемпионы. 2022 жылы ол осы санатта Уимблдонда алғашқы титулын алып жеңіске жетсе, 2026 жылы қазақстандық теннисші Australian Open турнирінің чемпионы атанды.
Рыбакинаның мансабындағы тағы бір маңызды белес – 2025 жылы Эр-Риядта өткен WTA қорытынды турниріндегі жеңісі. Елена жарыста бес матчтың барлығында жеңіске жетіп, финалда әлемнің бірінші ракеткасы Арина Соболенконы жеңді.
Қазақстандық теннисшінің еншісінде WTA 1000 санатындағы екі титул бар. Оның екеуін де 2023 жылы Индиан-Уэллс пен Римде жеңіп алды. Сонымен қатар Рыбакина WTA 500 санатындағы турнирлерде алты рет чемпион атанса, WTA 250 жарыстарында екі мәрте топ жарды.
Елена кәсіби турдағы алғашқы титулын 2019 жылы Бухарестте жеңіп алған. Содан бері ол «Үлкен дулыға» турнирлерінің екі дүркін чемпионы, WTA қорытынды турнирінің жеңімпазы және әлемнің бірінші ракеткасы дәрежесіне дейін көтерілді.
US Open
Елена Рыбакина ертең, 2026 жылғы 11 қыркүйекте АҚШ ашық чемпионатының жартылай финалында ойнайды.
Қазақстандық теннисші US Open-2026 турнирінің ширек финалында әлемнің 121-ракеткасы, Қытай өкілі Чжэн Циньвэньмен кездесті. Матч үш сетке созылып, Еленаның 3:6, 6:1, 6:4 есебімен жеңісімен аяқталды.
Теннисшілер хард кортта 2 сағат минут өткізді. Осы уақыт ішінде Елена бес эйс жасап, бес қос қателік жіберді және 13 брейк-пойнттың үшеуін сәтті пайдаланды.
Осылайша, Елена «Үлкен дулыға» турнирінің жартылай финалына шықты. Бұл кезеңде ол америкалық Коко Гауфф арасындағы кездесудің жеңімпазымен ойнайды.
Тоқаевтың құттықтауы
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Елена Рыбакинаны Әйелдер теннис қауымдастығының (WTA) әлемдік рейтингінде бірінші орынға көтерілуімен құттықтады.
– Сіз айрықша талант пен тынымсыз еңбектің және өзіңізге деген нық сенімнің арқасында WTA рейтингінде көш бастап, биік шыңды бағындырдыңыз. Осынау тарихи жеңісіңіз қазақ спортының даңқын асырды. Есіміңіз әлемдік теннис жылнамасынан ойып тұрып орын алды. Сіздің жетістікке толы жолыңыз – еліміздің жас спортшылары мен дүниенің түкпір-түкпіріндегі миллиондаған теннис жанкүйері үшін үлгі-өнеге. Сонымен қатар кортта да, қоғамдық орындарда да, жұртшылықпен қарым-қатынас барысында да байқалатын жоғары мәдениетіңізді айрықша атап өткім келеді. Бұл – сөзсіз Сіздің парасатыңыз бен адами қалпыңыздың айқын көрінісі, – деп жазылған құттықтауда.