Боксшы Enzo Ltd. компаниясының жалғыз иесі, директоры әрі CEO-сы болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Толығырақ
Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев «Астана» халықаралық қаржы орталығында Enzo Ltd. жеке компаниясын тіркеді. Бұл туралы АХҚО реттеушісі AFSA-ның ашық тізілімінде ақпарат пайда болды.
Компания туралы не белгілі
Компания 2026 жылғы 11 қыркүйекте құрылған. Сәпиев оның жалғыз акционері, директоры, CEO-сы әрі қол қою құқығы бар тұлғасы болып көрсетілген.
Компанияның қызмет түрі холдингтік деп белгіленген, яғни фирма басқа компаниялардағы үлестерге иелік етіп, активтерді басқара алады.
Enzo Ltd. компаниясының жарғылық капиталы – 300 мың теңге. Ол әрқайсысының құны 3 мың теңге болатын 100 акцияға бөлінген. Жаңа бизнестің нақты жобалары мен жоспарлары тізілімде көрсетілмеген.
Сәпиев туралы
Серік Сәпиев — Лондон-2012 Олимпиадасының чемпионы, 2005 және 2007 жылдардағы әлемнің екі дүркін чемпионы. Ол Олимпиададағы ең техникалық шебер боксшыға берілетін Вэл Баркер кубогының иегері.
Спорттық мансабын аяқтағаннан кейін Сәпиев мемлекеттік қызметке ауысты. 2017-2019 жылдары Мәжіліс депутаты болды, кейін Спорт және дене шынықтыру істері комитетін басқарды.
2024 жылғы қарашада Қарағанды облысының спорт басқармасының басшысы болып тағайындалды. Алайда 2026 жылғы ақпанда орынбасарымен болған жанжалдан кейін бұл қызметтен кетті.
Еске салайық, 2026 жылғы қаңтарда Қарағандыда Сәпиев пен оның орынбасары, самбодан әлем чемпионаттарының жүлдегері Дәурен Есімханов арасында жанжал болған. Полиция нұсқасы бойынша, Есімханов спорт кешенінде басшысын ұрып-соққан. Жанжалдың видеосы әлеуметтік желілерде тарады.
Ақпанда екеуі де қызметінен босатылды. Көп ұзамай Сәпиев министрдің штаттан тыс кеңесшісі болып тағайындалды. Кейін Бокс федерациясы президентінің кеңесшісі болды.
Adata.kz мәліметінше, Сәпиев тағы бірнеше ұйымның құрылтайшысы ретінде тіркелген. Олардың қатарында Sport Asset Management, «Жас Сарбаз», Алматы облысының кәсіпқой бокс федерациясы, Қазақстанның кабадди федерациясы және Astana Arlans Promotion бар.