Түркістан облысында 17 жастағы оқушыны атып өлтірді: жетінші күдікті әлі бостандықта жүр

Сырым Қаржас
Ulysmedia коллажы

Түркістан облысының Түлкібас ауданында 17 жастағы Төрехан Төреәліні атып өлтіргендерге сот үкімі шықты. Қылмысқа қатысы бар үш адам 18 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Алайда марқұмның анасы істің әлі толық аяқталмағанын айтады. Себебі қылмысқа қатысы болуы мүмкін жетінші күдікті бір жылдан бері ұсталған жоқ, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жай

Оқиға былтыр қараша айында Түлкібас станциясының орталығында болған. Түнде көшеде тұрған бір топ жігіттің жанынан екі көлік өтіп кеткен. Арада көп уақыт өтпей, бетперде киген бірнеше адам оларға оқ жаудырған.

Шабуыл салдарынан төрт адам жараланды. Олардың бірі — мектепті енді ғана бітірген 17 жастағы Төрехан Төреәлі ауруханада көз жұмды.

Сот барысында қылмыстың алдын ала жоспарланғаны анықталған. Тергеу мәліметінше, шабуылдың негізгі нысанасы басқа адам болған. Оған дейін, қазан айында, екі топ арасында жанжал шығып, төбелес болған. Бір айдан кейін күдіктілер кек алу мақсатында қарулы шабуыл ұйымдастырған.

Түлкібас ауданаралық сотының төрағасы Дәурен Мадалиевтің айтуынша, қылмыс сәті көше камераларына түсіп қалған.

— Бейнежазу бар. Көшедегі камерадан үш адамның үш қару ұстап, 7-8-9 рет атқаны көрінеді. Қорқыту мақсаты болса, адам сонша рет атпайды. Сонымен қатар олар адамдарды нысанаға алып, тіке атқан. Оның бәрі дәлелденіп тұр, — деді Дәурен Мадалиев.

Сот үкімімен бұған дейін қарақшылық жасағаны үшін сотталған Самат Шоқанов 20 жылға, Шерхан Жақсыбай мен Расул Тілеубердиев 18 жылға бас бостандығынан айырылды.

Ал қылмыс туралы біле тұра полицияға хабарламаған тағы үш адамға екі жылдан үш жылға дейін жаза тағайындалды. Олардың бірі тергеуге көмектескені ескеріліп, сот залынан босатылды.

Марқұмның анасы Эльмира Айдаралиева негізгі айыпталушыға берілген 20 жылдық жазаға келісетінін айтты. Алайда қалған қатысушылардың жазасына көңілі толмайтынын жеткізді.

— Қалған үшеуі босатылған жоқ. Қосаев қана босатылды. Оған көңілім толған жоқ. Оны да соттау керек еді. Жазасы екі жыл болса да, үш жыл болса да алуы керек еді, — деді марқұмның анасы.

Оның айтуынша, іс бойынша тағы бір адам — жетінші күдікті әлі ұсталған жоқ. Ол да қарулы шабуылға қатысып, оқ атқандардың қатарында болуы мүмкін.

Марқұмның анасы күдіктінің тезірек ұсталып, заң алдында жауап бергенін қалайды.