«Неге екені түсініксіз, ардагерлер жасара береді»: Тоқаев әлеуметтік саладағы олқылық туралы айтты

Ulysmedia
Ulysmedia.kz коллажы

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мүгедектік тағайындау мен әлеуметтік жеңілдіктер беру кезінде кездесетін олқылықтарға назар аударды. Ол Үкіметке мемлекеттік көмектің кімдерге беріліп жатқанын мұқият тексеруді тапсырды. Сонымен қатар, Қазақстанның әлеум-еттік міндеттемелерінен бас тартпайтынын еске салды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

«TikTok-тан бір сәт бас көтеріңіздер»

Қасым-Жомарт Тоқаев өткен ғасырдағы апаттар, соғыстар мен қақтығыстарға қатысқан ардагер ретінде жеңілдік алып жүрген азаматтар мәселесіне тоқталды. Оның айтуынша, сол оқиғалар әлдеқашан өткенмен, ардагерлердің жасы керісінше жасарып бара жатқандай көрінеді.

- Біз кездері мүгедектігі бар жандар 800 мыңнан асып кетті, ал халық саны – 20 миллион. Бейбіт заманда бұған сену қиын. Жазушы Чеховтің сөзімен айтсақ, «Бұлай болмауға тиіс, өйткені олай болуы ешқашан мүмкін емес», - деді ол.

Сонымен қатар, Президент мемлекет Конституцияда бекітілген әлеуметтік міндеттемелерінен бас тартпайтынын атап өтті. Мысал ретінде тегін медициналық көмекті атады. Бюджет есебінен қазақстандықтармен қатар қандастар мен елде тұрақты тұратын шетел азаматтарының кейбір санаты да медициналық көмек алады.

- TikTok көруді бір сәтке қоя тұрып, мұндай міндеттеме тағы қай елдің Конституциясында бар екенін қарап көріңіздер, – деді Тоқаев.

Ол әсіресе ауыр дертке шалдыққан балаларға көмек көрсететін «Қазақстан халқына» қорын да атап өтті.

Үш жыл декрет және тегін тамақ

Тоқаев өзге де әлеуметтік кепілдіктерге тоқталды. Соның бірі — жұмыс орнын сақтай отырып, үш жылға дейін бала күтімі демалысында отыру мүмкіндігі.

- Халықаралық рейтингтерде үнемі алдыңғы қатарда жүретін бірқатар елде мұндай әлеуметтік жеңілдіктер мүлде жоқ. Онда жас аналар жұмысынан айырылып қалмас үшін босанғаннан кейін жарты ай өтпей жатып жұмысқа шығуға мәжбүр. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі туралы да естімеген, мұндай әлеуметтік жеңілдіктер бар екеніне де сенбейді, - деді Президент.

Мемлекет басшысы мектептердегі тегін тамақ мәселесін де сөз етті.

- Баланың отбасы әлеуметтік жағынан осал ма, әлде ауқатты ма — оған қарамай, 1-4 сынып оқушыларының бәрі ыстық тамақпен қамтылады. Мұны өздеріңіз білесіздер. Белгіленген талап бойынша таңғы және түскі ас баланың бір күнде алуы тиіс қуатының 40 пайызын қамтамасыз етуі керек. Осындай елді атап көріңіздер. Бұған қоса, мәзірден зиянды тағамдарды - шұжық, фастфуд, газды сусындарды алып тастадық, қант пен тұз мөлшерін азайттық. Мұндай жағдай тіпті «кемелденген социализм» кезінде де болмаған, — деді ол.

Көмек шынымен мұқтаж адамға жетуі керек

Президент Үкіметке Құрылтаймен және қоғам өкілдерімен бірге әлеуметтік көмек пен жеңілдіктер беру тәртібін қайта қарауды тапсырды.

- Қарапайым тілмен айтқанда, мемлекет көмекті шын мұқтаж азаматтарға беруі керек және беруге міндетті. Бұл барынша әділетті болар еді. Осы іске аттас партия да атсалысады деп үміттенемін, - деді Тоқаев.

Еске салайық, жазда Мемлекет басшысы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне әлеуметтік масылдықпен күресуді тапсырған еді. Кейін министрлік 2027 жылдан бастап кімдердің қандай жәрдемақыдан айырылуы мүмкін екенін түсіндірді.

Бұған дейін Ulysmedia.kz 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда әлеуметтік көмектің 14 түрін тағайындау тәртібін өзгерту жоспарланып отырғанын жазған. Оларды енді отбасының табысы мен мүлкі ескеріле отырып тағайындау көзделіп отыр. Алайда Еңбек министрлігі қанша отбасы жәрдемақыдан қағылуы мүмкін екенін нақты айта алмаған.