Алматыда Каспий теңізіндегі қайғылы оқиға құрбандарына арналған сурет пайда болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мән-жайы
Суретті редакцияға Ulysmedia.kz оқырмандары жіберген.
Олардың айтуынша, естелік сурет Орбита ықшамауданында салынған.
Қабырғада теңіз, батып бара жатқан күн және қаза тапқан 14 әскери қызметшіні бейнелейтін 14 құс салынған.
Сондай-ақ, қайғылы оқиға болған күн мен «Ұмытылмас» деген жазу бар.
Контекст
Еске салайық, қайғылы жағдай 24 қыркүйекте Каспий теңізінің жағалауында оқу-жауынгерлік міндетті орындау кезінде болған.
Жел күшейген кезде әскери қызметшілер суға кеткен. Алғашында Қорғаныс министрлігі теңізге 19 адам кеткенін хабарлаған еді. Кейін олардың саны 17 болғаны нақтыланды. Соның 14-і қаза тапты.
Маңғыстау облысының тұрғындары ауа райының қолайсыз болатыны алдын ала белгілі болғанын айтқан.
23 қыркүйекте синоптиктер ескерту жариялаған. Ол 24 қыркүйек сағат 20:00-ге дейін күшінде болған.
Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов қайғылы оқиғаға байланысты екі қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
Бірінші іс ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау дерегі бойынша, екіншісі кеме жүргізу қағидаларын бұзу дерегі бойынша тергеліп жатыр.