Фермерлерге жаңбырлатып суару техникасын алуға жеңілдетілген қаржы берілуі мүмкін

Ulysmedia.kz коллажы

Үкімет жаңбырлатып суару техникасын жеңілдетілген шарттармен сатып алу мүмкіндігін қарастырады. Мұндай тапсырманы премьер-министр Олжас Бектенов берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жай

Оның айтуынша, биылғы ауыл шаруашылығы маусымы оңай болған жоқ. Вегетациялық кезеңде бірнеше өңірде қуаңшылық болып, егін түсіміне қауіп төнген.

Соған қарамастан, билік жалпы алғанда жақсы өнім күтіп отыр.

– Астықтың сапасы да жоғары. Сақтауға қабылданған астықтың жалпы көлемінің 74 пайыздан астамын желімшесі жоғары 3-сыныпты және одан жоғары сападағы астық болып отыр. Заманауи агротехнологияларды қолдану мен тыңайтқышты дер кезінде енгізу нақты нәтиже беріп отыр. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасымен су үнемдеу технологиялары қолданылатын егіс алқаптарын ұлғайту шаралары қолға алынып жатыр, – деді премьер-министр.

Астық сапасы бақылауда болады

Қуаңшылық пен су тапшылығына байланысты Бектенов су үнемдеу технологияларын енгізуді жеделдетуді тапсырды. Ұсынылып отырған тетіктердің бірі – жаңбырлатып суару техникасын сатып алуға жеңілдетілген қаржы беру.

Алайда мұндай техника қымбат болғандықтан, көптеген шаруашылық оны өз қаражатына сатып ала алмайды. Премьер-министр науқан аяқталғанға дейінгі басты міндет ретінде егінді дер кезінде жинап, өнімді ысырапсыз сақтауды атады. Әкімдіктер элеваторлар мен астық қоймаларының, сондай-ақ, кептіру жабдықтарының дайындығын тексеруге тиіс.

Билік астықтың ысырабын және сапасының төмендеуін жедел штаб арқылы бақыламақ. Экология және табиғи ресурстар министрлігі аграршыларға күн сайын ауа райы болжамын беріп отыруы керек. Энергетика министрлігі мен әкімдіктерге егін жинау және астық кептіру жұмыстары толық аяқталғанша жеңілдетілген дизель отынын үздіксіз жеткізу тапсырылды.

Қыс пен көктемдегі көкөніс бағасына да жеке назар аударылмақ. Өңірлер егін жинау науқаны кезінде-ақ қажет көлемді анықтап, келісімшарттар жасасып, картоп пен басқа да әлеуметтік маңызы бар өнімдерді сатып алу және сақтау жұмыстарын ұйымдастыруға тиіс. Әкімдіктер маусымаралық кезеңде тапшылық пен бағаның күрт өсуіне жол бермеуі керек.

Артық өнімді экспортқа шығару жоспарланып отыр. Ал Сауда және көлік министрліктері фермерлерге сатып алушы тауып, өнімді жеткізуді ұйымдастыруға көмектесуге тиіс.