17 жыл жұмыс істеген METRO Қазақстандағы бизнесін жабады

kapital.kz

Немістің METRO AG көтерме сауда концерні Қазақстаннан кету туралы шешім қабылдады. Компанияның елдегі барлық алты дүкені мен жеткізу қызметі 2027 жылдың наурыз айының соңына дейін кезең-кезеңімен жабылады. Компания Қазақстанда 17 жыл жұмыс істегенімен, тұрақты бизнес құра алмады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

METRO не себепті кетеді?

Компания кейінгі айларда Қазақстандағы бизнесінің болашағына жан-жақты талдау жүргізген. METRO командасы көтерме сауда моделін жергілікті нарыққа бейімдеуге күш салғанымен, бизнестің тұрақты дамуына қажетті негіз қалыптастыра алмаған.

Компанияның айтуынша, негізгі қиындықтардың бірі – көтерме сауда нарығындағы клиенттердің елдің әр өңіріне шашыраңқы орналасуы.

METRO Қазақстан үшін қандай компания болды?

METRO Қазақстан нарығына 2009 жылдың қазан айында алғашқы халықаралық көтерме сауда компаниясы ретінде кірді. 17 жыл ішінде концерн дүкендер желісіне, логистикаға, жеткізу тізбегіне және кадрларға инвестиция салды.

Кейінгі жылдары METRO өзін HoReCa саласының (қонақүйлер, мейрамханалар мен кафелер) және тәуелсіз сауда компанияларының серіктесі ретінде танытып, жеткізу қызметін де дамытты.

Жаһандық деңгейде METRO 30-дан астам елде жұмыс істейді. Компанияда 84 мыңнан астам адам еңбек етеді, ал клиенттерінің саны шамамен 15 миллионға жетеді. 2024/25 қаржы жылындағы сатылым көлемі 32,4 млрд еуро болды.

Контекст

METRO-ның Қазақстаннан кетуі басқа неміс бизнесін елге белсенді тарту кезеңіне тұспа-тұс келіп отыр.

30 қыркүйекте Қасым-Жомарт Тоқаев Мюнхенде Siemens, Linde және Aurubis компанияларының басшыларымен келіссөз жүргізді.

Linde Қазақстанда жаңа жобаларды қарастырып жатыр. Олардың ықтимал инвестиция көлемі 500 млн долларға дейін жетуі мүмкін. Ал Siemens электр желілерін жаңғыртуға және дата-орталықтарға арналған инфрақұрылым құруға қатысуға дайын.

Сонымен қатар Aurubis компаниясымен бірге мысты Қазақстанның өзінде терең өңдеу мәселесі талқыланды.