Алматыдағы «Три богатыря» тұрғын үй кешенінің тұрғындары астыңғы қабаттағы құрылыс жұмыстары салдарынан үйдің шайқалып, тіпті ғимараттың беріктігіне қауіп төнуі мүмкін деп алаңдап отыр. Ауыр техника жұмыс істеген сайын көпқабатты үйдің іші қатты дірілдеген. Ал жұмыстарды бастаған нысанның жаңа меншік иесі тұрғындардар мен журналистердің сауалына жауап беруге келмеді. Ulysmedia.kz тілшісі оқиға орнына барып, тұрғындардың шағымын тыңдап, жағдайдың мән-жайын анықтап қайтты.
Мән-жай
Түрғын үй 1970-1971 жылдары пайдалануға берілген. Бұл – Алматыдағы алғашқы көпқабатты кешендердің бірі. Ол ортақ екі қабатты стилобатқа орналасқан үш 12 қабатты мұнарадан тұрады. Бүгін бұл тұрғын үйдің жұртшылығы беріктігіне қауіп төніп тұр деп алаңдаулы.
Мүлік иелерінің бірлестігінің төрайымы Ирина Шмальконың айтуынша, ғимараттағы жұмыстар шамамен үш апта бұрын басталған. Алғашында тұрғындар нысанда бұрын жұмыс істеген фитнес-орталықтың жабдықтары мен ішкі әрлеуі ғана алынып жатыр деп ойлаған. Алайда кейін жұмысшылар қабырғаларды бұзып, арнайы техника қолдана бастаған.
– Алғашында мұнда жай ғана жабдықтарды, фитнес-орталықтан қалған заттарды шығарып жатыр деп ойладық. Кейін қабырғаларды бұза бастағанын көрдік. Тіпті техника кіргізіп, бетон конструкцияларды ұра бастады. Сол кезде тұрғындар қатты алаңдады. Өйткені бұл ғимарат біздің үйге жапсарлас орналасқан. Осы үш үйдің негізі болып саналатын астыңғы қабаттың негізі болып тұрған бағандарын қиратып жатыр, – дейді Ирина Шмалько.
Оның айтуынша, тұрғындарды нысандардың бір-бірімен қаншалықты байланысты екені де алаңдатады. Себебі инженерлік коммуникациялардың бір бөлігі тұрғын үйдің жертөлесі арқылы өтеді.
– Бұған дейін сот процесі кезінде бізге ҚазҚСҒЗИ-дың 2017 жылғы құжатын көрсетті. Онда бұл нысан жеке тұрған ғимарат деп көрсетілген. Бірақ біз бұған келіспейміз. Өйткені біздің үйдің жертөлесі арқылы кәріз жүйесі, суық және ыстық су құбырлары өтеді. Жылу жүйесі де осы ғимаратпен байланысты. Сондықтан біз үшін бұл жай ғана бөлек тұрған ғимарат емес, инженерлік жағынан да байланысы бар нысан, – дейді МИБ төрайымы.
«Үш батырдың» тұғырын қозғалтқан кім?
Шмальконың сөзінше, тұрғындар жаңа меншік иелерінен нысанда қандай рұқсат құжаттары бар екенін сұраған. Алайда нақты құжаттарды көре алмаған. Тіпті құрылыс жұмыстарын бастағанда тұрғындарды жинап, бір ауыз ескертпеген екен. Жұртшылық құрылыс жұмыстарын қатты дыбыс шығып, үй қозғалғандай әсер болғанда бір-ақ білген. Оған қоса тұрғыдар әлі күнге бұл құрылыс жұмысын бастаған қандай компания, нақты кім екенінен бейхабар болып шықты.
– Жұмысшылардан рұқсат құжаттары бар ма деп сұрадым. Олар бар екенін айтты, бірақ құжатты бізге көрсеткен жоқ. “Бұл жеке тұрған ғимарат, сіздердің оған қатысы жоқ” деген жауап алдық. Ал біз, ең алдымен, жұмыстардың қаншалықты заңды және қауіпсіз жүргізіліп жатқанын білгіміз келеді. Осының бәрі басталғанына бір апта болса да ешқандай басшылығы келген жоқ. Біз өзіміз іздестіріп, кім екенін сұрағанымызда ол да жауапсыз қалды, – дейді ол.
МИБ төрайымы Ирина Шмалько
Тұрғындардың алаңдауына жұмыстың қарқыны да себеп болған. Олардың айтуынша, ауыр техника қолданылған кезде үйдің ішінде қатты діріл сезілген.
– Кейінгі күндері үйдің іші қатты дірілдеді. Қазір Алматыда жер сілкінісі болып тұратынын бәріміз білеміз. Сондықтан әрбір тарсылдаған дыбыстан кейін адамдардың жүрегі аузына тығылады. Бұл жерде трактор сияқты техникамен қабырғаларды ұрып жатқанын көрдік. Біз “үйіміздің қауіпсіздігіне бір нәрсе болып кетпей ме?” деп қорқамыз, – дейді Ирина Шмалько.
Тұрғындар осы мәселеге байланысты Алматы әкімдігіне, құрылыс бақылау басқармасына, төтенше жағдайлар департаментіне және прокуратураға жүгінген.
– Біз ешкімнің жұмысына кедергі келтіргіміз келмейді. Егер барлық құжаттары заңды болса, тиісті сараптамалары жасалса, бізге соны көрсетіп, түсіндірсін. Біздің талап етіп отырғанымыз – жұмыстардың қауіпсіз жүргізілуі. Өйткені бұл жерде адамдар тұрады. Біз жер сілкінісі болған жағдайда үйдің қауіпсіздігіне қауіп төнбейтініне көз жеткізгіміз келеді, – деді тұрғындар.
Әкімдік не дейді?
Ал Алматының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы жоспардан тыс тексеру басталғанын жеткізді.
– Басқарма тарапынан жоспардан тыс тексеру басталады. Қазір құрылыс-монтаж жұмыстары біздің басқарманың шешімімен тоқтатылды. Алайда тиісті ресми рәсімдер бар. Қазір тексеру жұмыстарын бастаймыз, тиісті шаралар қабылдаймыз. Тексеру қорытындысы бойынша нысанда не болғанын және жағдайдың қалай өрбігенін қосымша хабарлаймыз, – деді ведомства.
Бұл тұрғын үйдің астыңғы қабаты кімге және неге керек болды деген сұрақ жауапсыз қалды. Ulysmedia тілшісі оқиға орнында жүрген жұмысшылардан сұрастырып, бастықтарын шақыруды сұрағанда «әне келеді мен міне келедіге салды». Тіпті тұрғындардың өзі бұл қуіпті құрылысты кім бастағанынан хабарсыз. Жиналған жұртшылқытың сөзінше, астыңғы қабаттың қазіргі иесі ол жерге жасанды түрде жасалған жартасқа өрмелеуді үйрететін скалодром салмақшы екен.
Перизат Жарылқасын