Алматы байып, Түркістан кедейленіп барады: қазақстандықтардың табысы қалай өзгерді

Ulysmedia коллажы

2026 жылдың екінші тоқсанында қазақстандықтардың жан басына шаққандағы орташа табысы айына 263 691 теңгеге жетті. Номиналды түрде бұл көрсеткіш бір жылда 11,2% өскенімен, 10,4%-дық инфляция өсімді іс жүзінде жоққа шығарды. Нақты табыс небәрі 0,7% артты, ал өңірлердің жартысында тіпті төмендеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Табыс қай өңірлерде өсті?

Ең көп табыс табатындар – Алматы тұрғындары. Мұнда жан басына шаққандағы орташа табыс – айына 427 584 теңге. Алматы табыстың өсу қарқыны бойынша да көш бастады. Қалада номиналды табыс 14,4%, ал инфляцияны есепке алғандағы нақты табыс 4,7% өскен.

Екінші орында – Астана. Мұнда орташа табыс 365 451 теңге болды. Алайда елорда тұрғындарының нақты табысы 0,6% төмендеген.

Нақты табыстың айтарлықтай өсуі Шығыс Қазақстан облысында (3,3%), Қостанай облысында (3,1%) және Қарағанды облысында (2,2%) байқалды.

Табыс қай өңірлерде төмендеді?

Қазақстанның 20 өңірінің 11-інде халықтың нақты табысы бір жыл бұрынғы көрсеткіштен төмен болды.

Ең көп төмендеу биыл да «мұнайлы» өңірлерде тіркелді. Атырау облысында нақты табыс 11,8% азайған. Бұл ретте мұнда номиналды табыс та төмендеді – яғни «қағаз жүзіндегі» көрсеткіштің өзі азайған жалғыз өңір осы болды.

Облыстағы орташа табыс бір жыл бұрынғы 309 092 теңгемен салыстырғанда 304 479 теңге болған.

– Ұлытау облысында нақты табыс 8,5%-ға, Маңғыстау облысында 6,4%-ға, Жетісу облысында 6,2%-ға қысқарды, – делінген Ұлттық статистика бюросының деректерінде.

Сондай-ақ Жамбыл (3,8%) және Қызылорда (3,2%) облыстарында да айтарлықтай төмендеу тіркелді.

Өңірлер арасындағы айырмашылық

Ең төмен табыс Түркістан облысында тіркелді – айына 152 711 теңге. Бұл Алматыдағы көрсеткіштен шамамен 2,8 есе аз.

Ең бай және ең кедей өңір арасындағы айырмашылық – шамамен 275 мың теңге.

Орташа табыс Шымкентте (169 512), Жамбыл (179 360), Жетісу (180 101), Қызылорда (188 788) және Алматы (197 279) облыстарында да 200 мың теңгеден төмен болды.